Клубтың бас директоры Қайсар Бекенов Нұрсұлтан Құрман YouTube арнасына берген сұхбатында бұл қауесеттерді жоққа шығарып, "Астана" – жай ғана клуб емес, қазақ футболының символына айналған ұжым екенін айтты.
Оның айтуынша, егер қиындықтар тым тереңдесе, командаға қол ұшын созатын жанашыр табыларына сенім мол.
Бүгінде клуб басшылығы жаңа демеушілер тарту, қарыздарды өтеу және ойыншылар алдындағы міндеттемелерін орындау бағытында белсенді жұмыс істеуде. Қазірдің өзінде қаңтар-ақпан айларының жалақылары төленіп, қалған берешек жуырда өтелмек.
Алайда мәселе мұнымен шектелмейді. УЕФА тарапынан "Астанаға" 50 мың еуро көлемінде айыппұл салынды. Себебі – қаржылық тәртіп бұзу. Енді клуб 2025/26 және 2026/27 маусымдарындағы еурокубоктерге қатысудан шартты түрде шеттетілді. Егер тағы да тәртіп бұзылса – бұл жазаның күші толық күшіне енеді.
Сонымен қатар, БАҚ беттерінде команданың ішкі ахуалы да мәз емес екені айтылуда. Моральдық күйзеліс, басқару деңгейіндегі келіспеушіліктер, алаңдағы сенімсіздік. Бұл – бір кездері ел чемпионы болған ұжым үшін бұрын-соңды болмаған жағдай.
"Астана" футбол клубының тағдыры қыл үстінде тұр. Бұл тек бір команданың емес, тұтас қазақстандық футболдың беделіне әсер ететін жағдай. Бірақ үміт бар. Жанкүйерлер сенімін жоғалтпады.