Логвиненко "Астанадан" еркін агент ретінде кетті және жақын арада Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан "Ротор" командасына келіп қосылады. Қорғаушының волгоградтық клубпен келісім-шарты маусымның соңына дейін тағы бір жылға ұзарту мүмкіндігімен жасалады.
Логвиненко "Астана" сапында 2016-жылдан бері өнер көрсетті. Оған дейін ол "Ақтөбе" клубының намысын қорғаған. 32 жастағы қорғаушы Қазақстанның сегіз дүркін чемпионы және екі рет ел кубогының иегері атанған.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін "Ротор" "Астананың" үш ойыншысымен, оның ішінде қазақстандықтар Дмитрий Шомко және Алексей Щеткинмен, сондай-ақ беларуссиялық футболшы Иван Маевскиймен келісім жасасқан болатын. "Ротор" Ресей чемпионатының ағымдағы маусымында 13-орында келе жатыр. Команданың бас жаттықтырушысы - Александр Хацкевич.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының тағы бір шабуылшысы Абат Айымбетов "Урал" клубында қаралымнан өтіп жатыр. 24-қаңтар күні ол команда сапындағы алғашқы кездесуін өткізді. Қазақстандық футболшы негізгі құрамда шығып, алаңда 65-минут бойы өнер көрсетті. Ойыншы бір гол соғып, бір нәтижелі пастың авторы атанды. Абат Айымбетовтен бөлек бұл матчқа Қазақстан құрамасының тағы бір ойыншысы Максим Федин де қатысты. Ол алаңға екінші таймда шығып, нәтижелі әрекетімен көзге түсе алмады. 24-қаңтар күні "Урал" футбол клубы ОЖЖ-дағы екінші кездесуін өткізді. "Лива" командасымен өткен матчта ресейлік команданың асығы алшысынан түсіп, кездесу 2:1 есебімен аяқталды.
Ермұхамед Мәулен