"Астана" халықаралық қаржы орталығы көш бастады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19312

2020 жылы АХҚО құрамындағы компаниялардың саны 500-ден асады. 

"Астана" халықаралық қаржы орталығы көш бастады

"Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) GFCI қаржы орталықтарының жаһандық индексінде 100- орыннан 51- орынға көтерілді. Бұған қоса ол "Шығыс Еуропа және Орталық Азия" аймағының рейтингінде 1- орынды иеленді. Бір жыл бұрын АХҚО әлемдегі 100 қаржы орталығының ішінде 61- орында, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтарының арасында 2-орында тұрған еді. 

АХҚО баспасөз қызметінің хабарлауынша, Z/Yen тәуелсіз сарапшылары жыл сайын онлайн-сауалнама арқылы әлемдегі барлық қаржы орталықтарының табыстылығына талдау жүргізеді. Зерттеу барысында қаржы ұйымының дүниежүзілік банк пен экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 130-дан астам макроэкономикалық көрсеткіштерінің талабына сай екендігі  ескеріледі.

GFCI "іскерлік орта", "қаржы секторын дамыту", "инфрақұрылым факторлары", "адами капитал", "бедел және жалпы фактор" сияқты критерийлерді қамтиды. Рейтингтің әділдігін қамтамасыз ету үшін қаржы орталықтарын бағалау кезінде респонденттердің бейтараптылығы негізгі ұстаным болып бекітілген.

Ұмытпасаңыздар, таяуда ғана Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне танымал WOOD&Co инвестициялық банкі "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының (AIX) сауда мүшесі атанды. Алдағы уақытта аталмыш банк Қазақстан экономикасына инвестор тартады.  Бұл турасында "Астана" халықаралық қаржы орталығы биржасының басқарма төрағасы Тим Беннетт: "AIX-та саудаланатын бағалы қағаздар мен біздің биржа ұсынатын қызмет WOOD&Co компаниясы арқылы халықаралық инвесторлар үшін қолжетімді болады.  Біз жаңа брокерлер мен эмитенттер тарту бағытында бірлесіп жұмыс істейміз", – деген болатын.

"Бір айдың ішінде АХҚО-ның осындай нәтижелерге қол жеткізуі оның нақты жұмыс істеп жатқанының белгісі", – деді inbusiness.kz тілшісіне АХҚО әкімшілігі жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры Гүлнар Мұқанова.

Біле жүріңіз, АХҚО жанынан құрылған ағылшын құқығына негізделген сот қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. АХҚО-ның Англия мен Уэльстен келген 9 судьясын президент Нұрсұлтан Назарбаев тағайындаған. Судьяларды Англияның бұрынғы жоғарғы судьясы лорд Вульф басқарады. Ал арбитражды орталыққа 23 халықаралық арбитраж енген.

АХҚО құрылғаннан бері оған 100-ден астам компания тіркелді. 2020 жылы компаниялардың саны 500-ден асады деген болжам бар.

Естеріңізге салайық, 2015 жылғы желтоқсан айында Нұрсұлтан Назарбаев АХҚО құру туралы Конституциялық заңға қол қойды, ал 2018 жылы 5- шілдеде оның тұсауын кесті.

АХҚО қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік қарастырылған. Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр.
АХҚО-ға ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстанның  бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз ету сонымен қатар ел аумағында исламдық қаржыландыру нарығын дамыту міндеті жүктелген.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу