Қазақстан атынан Еуропа Лигасында қалған жалғыз команда "Астана" Мальтаның "Валетта" деген командасын 5:1 есебімен жеңіп, өзінің жеке рекордын орнатты. Еурокубокте мұндай ірі есеппен жеңіске жетіп көрмеген елордалықтар жанкүйерлердің алдында бір желпінді. "Астана Аренада" өткен ойында Роман Григорчук шәкірттері бірден іске кірісті.
8-минутта исландиялық Сигурьонссон есеп ашты. Кейіннен сол исландиялық пас беріп Логвиненконың есепті еселеуіне мүмкіндік жасады. Екінші таймда Рунар Мар тағы бір гол соғып ойынның қаһарманына айналды. Сонымен қатар матчта белсенді болған Марин Томасов та әдемі гол салып, фанаттардың делебесін қоздырды. Алаңға алмасып кірген Рангело Янга да гол салып, Томасовтың пасын зая кетірмеді. Енді араға бір апта салып елордалықтар сырт алаңда жауапты ойын өткізетін болады.
"Астана" - "Валлетта" (Валлетта, Мальта) - 5:1
Голдар: Рунар Мар Сигурьонссон 8, 57, Юрий Логвиненко 15, Марин Томасов 35, Рангело Янга 80 - Марио Фонтанелла 67
Ескерту: Юрий Логвиненко 82
Ермұхамед Мәулен