Футболдан Қазақстан чемпионатының 11-турында "Астана" "Қайратты" қабылдап, ірі жеңіске жетті. Кездесу Нұр-Сұлтанда өтіп, 6:0 есебімен астаналықтардың пайдасына аяқталды. Бұл матчта Марин Томасов (18-минут, 44-ші, 63-ші), Рэй Влут (35-ші) және Педро Эженио (48-ші, 72-ші) көзге түсті. Осы табысының арқасында астаналықтар 20 ұпай жинап, турнирлік кестеде көш бастады. Ал 13 ұпайы бар алматылықтар 10-орында қалды.
Сонымен қатар 11-тур аясында "Ақтөбе" "Тобылды" жеңді. Ақтөбе қаласында өткен кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Барлық голдар үзілістен кейін соғылды. Алдымен Сердер Сердеров 54-минутта командасын алға шығарса, одан кейін қонақтар сапынан 76-шы минутта Алекс Амановичтің дәл соққысымен жауап қайтарды. Командалар ұпай бөлісетін сияқты көрінгенімен, қосымша уақытта, дәлірек айтсақ, 90+12 минутта Жерар Гоу ақтөбеліктерге жеңіс сыйлады. 12-турда 21 мамыр күні "Ақтөбе" сырт алаңда "Тұранмен" кездессе, келесі күні "Тобыл" өз алаңында "Мақтааралды" қабылдайды.
11-турда "Ақсу" "Тұраннан" басым түсті. Кездесу Павлодарда өтіп, 2:0 есебімен, биылғы маусымда ҚПЛ-да дебют жасаған алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Гол авторлары Асланбек Кәкімов (18-минут) пен Ұлар Жақсыбаев (73-ші). Осылайша "Ақсу" маусымдағы төртінші жеңісін тойласа, "Тұран" үшінші жеңілісіне ұшырады. Келесі турда 21 мамырда "Ақсу" сырт алаңда "Ордабасымен", ал "Тұран" өз алаңында "Ақтөбемен" кездеседі.
Қазақстан Премьер-лигасының 11-турында "Атырау" мен "Қызыл-Жар" ұпай бөлісті. Атырауда өткен кездесу 3:3 есебімен аяқталды. Алаң иелері 2:0 есебімен алға шыққандарымен, қонақтар есепті теңестіріп кетті. Атыраулықтардан Амандық Нәбиханов (3-минут) пен Андрия Филипович (46, 73) гол соқты. Ал "Қызыл-Жар" сапынан Юрий Бушман (50-ші, пенальтиден 90+2-ші) және Артур Мурза (71-ші) көзге түсті. Келесі турда 21 мамырда "Атырау" өз алаңында "Астанамен" ойнаса, 22-мамырда "Қызыл-Жар" өз алаңында "Ақжайықты" қабылдайды.
Ермұхамед Мәулен