Елордалық "Астана" Премьер-лиганың 20-турында қызылордалық "Қайсарды" еш қиындықсыз жеңді. Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өткен матч 3:1 есебімен аяқталды. Марин Томасов кездесудегі алғашқы голдың авторы атанды. Бірақ араға бес минут салып Максим Федин есепті теңестірді. 61-минутта Пиерос Сотириу баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Ал 73-минутта дәл осы Сотириу пенальтиден гол соғып, ойынның нүктесін қойды.
"Астана" бұл ойыннан кейін 30 ұпаймен үшінші орынын сақтап қалды. "Қайсар" 24 ұпаймен алтыншы орында қала берді.
Шымкенттік "Ордабасы" "Қызыл-Жар СК" командасымен тең ойнады. Талғар қаласындағы Ұлттық құраманың базасында өткен кездесу 0:0 есебімен аяқталды. Бір ұпайға ие болған шымкенттік клуб турнир кестесінде үшінші орында тұрған "Астанадан" екі ұпайға артта қалып келеді. Ал петропавлдық команда 20 ұпаймен тоғызыншы орынға тұрақтады.
Ақтаулық "Каспий" Қазақстан біріншілігінің 20-турында "Таразды" жеңді. Тимур Сегізбаев атындағы стадионда өткен ойын 1:0 есебімен, ақтаулық команданың пайдасына аяқталды. Жалғыз әрі жеңісті голды 45-минутта Арман Нүсіп қапталдан асырылған пасты баспен қақпаға бағыттау арқылы соқты. Үш ұпайға ие болған "Каспий" 17 ұпаймен оныншы орында тұр және соңғы орындағы "Оқжетпестен" алты ұпайға озып кетті. Ал "Тараз" 20 ұпаймен сегізінші орында қала берді.
Ал көкшетаулық "Оқжетпес" қостанайлық "Тобылға" есе жіберді. Алматыдағы "Жас Қыран" стадионында өткен кездесу 0:2 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы голды 38-минутта Жереми Манзорро Сенин Себайдың пасынан кейін соқты. Ал 60-минутта Сұлтан Әбілғазы екінші голды соғып, матчтың нүктесін қойды. Бұл жолы нәтижелі пасты Сергей Малый өз атына жазды. Сенімде түрде жеңіске жеткен "Тобыл" 35 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. "Оқжетпес" 11 ұпаймен соңғы орында тұр.
Қарағандылық "Шахтер" бүгін талдықорғандық "Жетісудан" жеңіліп қалды. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1:2 есебімен аяқталды. 23-минутта "Жетісу" шабуылшысы Мартин Тошев командасын алға шығарды. Ал 74-минутта Педро Эуженио есепті еселеді. Бірақ араға төрт минут салып Айдос Тәттібаев есеп айырмасын қысқартты. "Жетісу" осы жеңістің арқасында 25 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді. Горовенко шәкірттері 26 ұпаймен бір саты жоғарыда тұр.
Ермұхамед Мәулен