Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынған болатын. Бұл таңертең болған жағдай еді. Ал түскен кейін Парламент палаталарының өкілдері екінші мәрте бас қосты.
"Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Үкімет Ата заңымызға Астананың атауын өзгерту туралы түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде Қазақстан президентіне ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл мәселе бойынша Конституциялық кеңес өзінің оң қорытындысын берді", – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Одан кейінгі сөз кезегін Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева алды.
"Мемлекет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағының сәйкес, парламент қарауына ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. Еліміздің Конституциялық кеңесі осы түзетулерді ҚР Конституциясының 91-бабының 2-тармағына сәйкестігі туралы қорытынды берді. Баяндалғандарды ескере отырып, ұсынылған түзетулерді қолдауды сұраймыз", – деді Әлия Рақышева.
Сенат және Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші және екінші оқылымда мақұлдады. Осылайша, Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы тарихи шешім қабылданды.
Фархат Әміренов