Астана келмейтін қонақты күтуге әзірленуде.

4283

Тақтайдай түзу жолдардың қайта жөнделуі елдің ашуын туғызды.

Астана келмейтін қонақты күтуге әзірленуде. Фото: sputniknews.kz

Елорда коронавирустық инфекцияның таралуы жөнінен рекорд орнатып жатқанда, қала шенеуніктері сол жағалаудағы жаңа әкімшілік орталығының көшелерін жауып, жөндеумен әлек. Таяуда ғана Д.Қонаев даңғылының жап-жақсы асфальты сүріліп, орнына жаңасы төселді. Енді ел Үкіметі Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңғыртуға 91 миллиард теңге шығындауға бел буыпты. Тиісті шешім Үкіметтің мемлекет кепілдігімен сырттан қарыз алу туралы қаулысына түзетулер жобасы түрінде қабылданбақ. 2020 жылы шетелдік заем есебінен қаржыландырылатын инвестжобалар қатары жаңасымен толығады: "Салтанат сарайынан Нұр-Сұлтан атындағы халықаралық әуежайға дейінгі учаскеде, Қабанбай батыр даңғылында, Тұран даңғылында көлік торабын сала отырып, Қабанбай батыр даңғылын реконструкциялау".

Түсіндірме жазбада көрсетілгендей, жобаның жалпы құны 91 миллиард 699,7 млн теңгені құрайды. Құжат бойынша Қытайдың Экспорт-импорт банкі "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясына қарыз бермек.

Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы ең ірі даңғылды қайта құру биылғы маусымда басталу керек болатын. Пандемия бұл мерзімді әрі ысырғанымен шенеуніктерді райынан қайтара алмады. Қалалық әкімдік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірге, бұл даңғылды "Салтанат сарайы" сарайынан халықаралық әуежайға дейін кеңейтіп, 17,3 шақырым бойында 6–8 жолақты жол жасамақ. Сондай-ақ "Салтанат сарайы" тұсында және Тұран даңғылында эстакададағы "айырықжолдар" пайда болады деп күтілуде. Өйткені дәл сол қиылыстарда көлік кептелісі жиі қалыптасады. 

Жолды қытай жұмысшылары салуы мүмкін. Мердігер ұйымдар ретінде China Xinxing Group Co. консорциумы және "Сине Мидас Строй" бірлескен кәсіпорны таңдалған.

Бұл жаңалық әлеуметтік желіде ашулы айтыс-талас туғызды. Белгілі блогер Аида Жексен COVID-19 індетінен қазақстандықтар қаза тауып жатқанда, одан да миллиардтарға өкпені жасанды желдету аппараттарын молынан сатып алып, халықты құтқаруды ұсынды.

"Сене алмай отырмын. Індеттен азаматтары қырылып, стадиондарын амалсыздан ауруханаға айналдырып жатқан ел Қытай алдында борышқа батып, даңғылды шұғыл түрде қайта жөндеуге 91 миллиард теңге шығындамақ. Айтарға сөз жоқ. Неге бұл жобаға халықтың көзімен қарамасқа? Сіздер саусыздар ма өзі? Бірақ ірі шенеуніктер ауырып қалса да оларды құтқарады. Вирус келгелі адамдарды аристократтар мен қайыршылар деп нақты бөле бастады. Ауырған бұқара үйлерінде жатыр, өз бетінше емделуге, аман қалу қамын өзінше қамдауға мәжбүр. Маған айтады: сенің анаңның жолы болды, инсультке ұшырап, ауруханаға түсті, осы кезде коронавирусы да табылды. Сондықтан емдеді дейді. Жолы болды деген не сөз? Сонда бізде медицина "орыс рулеткасына" айналып кеткен бе?! Жолың болса, тірі қаласың, жолың болмаса, өлесің", – деп ашынады қоғам белсендісі.

Оның байламынша, бұлай бара берсе, елдің тұрмысы нашарлап, көше бойында пісте-шемішке сату 2021 жылы қайтадан "ең табысты" бизнеске айналатын түрі бар.

Қоғам белсенділері осындай сұрақты әкімдік өкілдеріне де қойды. Нұр-Сұлтан мәслихатының отырысында олар сол жағалаудағыдан гөрі, ескі орталықтағы басқа көшелерге назар аударуды өтінді. Мәслихат депутаттарының байламынша, астананың өзінде асфальті әбден тозған, тіпті тек қиыршық тас қана төселе салған жолдар бар. Бірақ жергілікті биліктің қолы оған жетпейді: барлық уақыт пен қаражат онсыз да жол жабынғысы жақсы басты көшелердің асфальтін қайта жаңғыртуға кетеді.

Нұр-Сұлтан әкімдігінің Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Н.Солтамбеков сол жағалаудағы жолдар айрықша көңіл бөлуді қажет ететінін, себебі олар шетелден келетін мәртебелі меймандардың көз алдында жатқанын айтты.

Қалалық шенеунік халықтың өзін сапа туралы дым білмейтініне айыптады.

"Мен қарсы сауал қояйын онда: тұрғындардың қайсысы және қалайша жолға онсыз да жақсы деп баға бере алады? Сол жағалаудағы жолдар шұрық-тесік болмаса, біздің арқамызда сол күйге жетпеді. Оны жақсы күйде біз ұстап отырмыз. Сол жағалаудағы жолдар 2010–2012 жыдары жөнделген. Жөндеу мерзімі өтіп кетті. Оларда шұңғыр болмағанымен, басқа ақаулары бар, мысалы, асфальтта жарқыншақтар пайда болды. Сол жағалау, әсіресе, Қонаев, Достық көшелері – қонақтар тамашалайтын көшелер. Шетелден саяхатшылар, қадірлі қонақтар келеді. Олар елордамызды жолына қарап бағалайды", – деді Нұрлан Солтамбеков.

Пандемияның Қазақстанда күш алуы салдарынан биыл елордаға шетелден қонақтар легі ағылмайтыны белгілі болуда. Демек, келесі жылдары қонақ келеді деп күтіп, қайта жөндей бастауы мүмкін.

Басқарма басшысы биыл шамамен 100 көшеде жөндеу жұмыстары қолға алынатынына сендірді. Дегенмен, ол жөндеудің қандай сапада болатынын нақтыламады. Мысалы, "шетелдік қонақтарға арналған" басты көшелердің ескі асфальті күреліп, орнына жаңасы салынады. Ал өзге көшелерде тек тесікті "жамау" секілді олпы-солпы жөндеу жасалады. Бұл әрине, сайма-сай, өзара тең нәрсе емес.

Мәслихат депутаты Рамзия Умербаева шендінің дәйектемелерімен келіспеді. Оның айтуынша, 3 жыл бұрын астаналықтардың өтініштері бойынша жергілікті депутаттар шұғыл жөндеуді және асфальт төсеуді талап ететін жолдар мен көшелердің тізімін дайындапты. Өкінішке қарай, әкімдіктің уәде бергеніне қарамастан, 3 беттен тұратын тізімдегі жолдардың бірде-бірі жөнделмей, сол қалпы қалған. 

Нұрлан Солтамбеков 3 жыл бұрын басқарма басшысы болмағанын, тізімді көрмегенін алға тартып, ат-тонын ала қашуға талпынды. Депутаттар оның өтірігін шығарып, ұялтып тастады.

"Біз ол тізімді нақ сізге тапсырғанбыз! Ұмытсаңыз, есіңізге салайын: оны сіз бен біз екеуіміз бірге отырып қарадық. Мен сізге өз ауданымдағы көшелерді арнайы көрсеттім. Содан бері оның ешқайсысының ұлтарақтай жері де жөнделмеді. Сіз сонда іс ілгерілейтінін, ақша бөлінетінін, 3 көше міндетті түрде жөнделетінін айтқансыз. Алайда сол тізім жай қағаз болып қалды", – деді депутат Рамзия Умербаева.

Әкімдік басқармасының басшысы сол тізімдегі жолдарда жөндеу басталатынына кезекті рет сөз беріп құтылды.

Елорда әкімдігінің тек қонақ көретін бірер көшеге басымдық беру бойынша көзбояу әрі кесір саясаты өзгермей, елорда нағыз астана сипатына, лайық деңгейіне жете алмайтын сияқты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу