"Астана" көш бастады

1292

Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясында бес матч өтті.

"Астана" көш бастады

"Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясында "Астана" клубын қабылдады. Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесуде елордалық команда 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Ойындағы алғашқы голды 19-минутта Абат Айымбетов соқты. Араға үш минут салып Еркебұлан Тұңғышбаев "Астана" қақпасына жауапты голды тоғытты. 52-минутта Тигран Барсегян пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды. Ал 60-минутта Абат Айымбетов қорғаушылардың қателігін сәтті пайдаланып, дубль авторы атанды. Матчтың нүктесін 78-минутта Марин Томасов қойды. Бұл жеңістен кейін Андрей Тихонов шәкірттері турнирлік кестеде 11 ұпаймен алғашқы орынға көтерілді. 7 ұпайы бар шымкенттік клуб жетінші орынға сырғыды.

"Каспий" Қазақстан Премьер-лигасының бесінші турында "Қайратпен" кездесті. Матч Ақтаудағы "Жас Қыран" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 32-минутында "Каспий" клубының жартылай қорғаушысы Руслан Мингазов есеп ашты. Ал 37-минутта Айбол Әбікен екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Дегенмен, араға төрт минут салып, "Қайраттың" қорғаушысы Денис Поляков таразы басын теңестірді. Бір ұпайды қанағат тұтқан ақтаулық клуб тоғызыншы орынға жайғасты (5 ұпай). Ал 11 ұпайы бар ел чемпиондары екінші орында қала берді.

Қостанайлық "Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының бесінші турында қызылордалық "Қайсарды" қабылдады. "Тобыл Аренада" өткен кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды небәрі 2-минутта "Тобылдың" шабуылшысы Тони Сильва соқты. 26-минутта сары қағаз алған "Қайсардың" қорғаушысы Кларенс Битанг 74-минутта алаңнан қуылды.

11 ұпайы бар қостанайлық клуб қосымша көрсеткіштер бойынша "Астана" мен "Қайратқа" және "Таразға" жол беріп, төртінші орында тұр. Ал "Қайсар" оныншы орында қала берді (4 ұпай).

"Атырау" Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясында "Жетісу" клубымен кездесті. Матч Атырау қаласындағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 2:2 есебімен аяқталды. 37-минутта ойындағы алғашқы голды соққан Бауыржан Тұрысбек 68-минутта пенальтиден мүлт кетпей, дубль авторы атанды. Ал 71-минутта Дәурен Мәжитов қызыл қағаз алды. Бес минуттан кейін "Атырау" шабуылшысы Петар Кунич пенальтиді сәтті орындады. Ал ойынның соңғы минутында Асхат Балтабеков өз қақпасына гол соғып алды. Осы маусымдағы алғашқы ұпайына қол жеткізген "Атырау" он үшінші орынға көтерілді. Ал "Жетісу" одан бір саты жоғары тұр.

Сондай-ақ бүгін "Тараз" командасы Қазақстан Премьер-лигасының бесінші туры аясында сырт алаңда Түркістанның "Тұран" командасымен кездесті.

Матч басталғаннан "Тараз" шабуылда белсенді өнер көрсетіп, жылдам есеп ашуға тырысты. Бірнеше мәрте бұрыштама соққысын жасады. Алайда өткен турдағы стандартты жағдайларды қатаң ескерген болуы керек, алаң иелері қақпаға соққы жасауға мүмкіндік бермеуге тырысты. Бірақ кездесудің 79-минутында бұрыштама жасаған тараздықтар стандартты жағдайдан гол соғуға тырысты. Ұрымтал сәтті мүлт жібермеген Педро Эуженио есеп ашып, "Таразды" алға шығарды. Одан кейін қос команда алма кезек шабуылдағанмен қақпадан саңылау таба алмады.

Кезекті үш ұпайды қоржынға салған "Тараз" 5 турдан кейін 11 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. 2 ғана ұпайы бар түркістандық команда он бірінші орыннан жылжи алмады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу