"Астана" Литвадағы турнирдің финалына шықты

1068

"Астана" баскетбол клубы маусым алды ойындарын Литвада өтіп жатқан Раймундо Саргуно Кубогы турнирінен бастады.

"Астана" Литвадағы турнирдің финалына шықты

Елордалық команданың жартылай финалдағы қарсыласы латвиялық "Огре" командасы болды.

Раймундо Саргуно кубогы - Литваның "Лиеткабелис" баскетбол клубы жыл сайын өткізетін турнир. Биыл турнирге алаң қожайындары - Литваның "Лиеткабелис" командасы, Қазақстанның "Астана", латвиялық "Огре" және эстониялық "Парну Садам" клубтары қатысуда. Литвалықтар мен эстондықтар өзара, ал "Астана" Латвиялық "Огремен" финалда ойнау құқығына таласты. Латвия құрамасы Латвияның негізгі чемпионатына 2015/2016 маусымынан бастап қатысып келеді және соңғы бірнеше жылда жартылай финалдық ойындардың тұрақты қатысушысы болды. 2019/2020 аяқталмаған маусымның қорытындысы бойынша "Огре" Латвияның күміс жүлдегері атанған болатын. Сонымен қатар, команда Балтық лигасына қатысты. Латвия құрамасы мен "Астана" осы уақытқа дейін ресми кездесулер өткізген емес. Сондықтан бұл командалардың алғашқы кездесуі болды.

Елордалық команда кездесуді жақсы қарқынмен бастады. Оған қарсыластар бастапқыда шыдай алмады. Дегенмен Латвиялықтар берілмеді және бірінші кезеңнің екінші жартысын өте жақсы өткізді. Нәтижесінде 10 минут ішінде 23:19 есебімен "Астанаға" ұтылып қалды. Біздің жігіттер екінші кезеңде тағы да қарқын алып, қос таңбалы есепті тез қалпына келтірді.

Екінші кезеңде "Огре" небәрі 4 ұпай ғана жинады. Ал "Астана" үшін екінші кезең сәтті өтті. Әсіресе біздің команда қорғаныста өте мықты болды. Осылайша жерлестеріміз есепті 42:23-ке дейін жеткізді.

Үшінші кезең тең дәрежеде өтті. Қазақстандықтар өздерінің басымдығын сенімді түрде сақтап қалды. Соңғы кезеңге дейін Дарко Руссо командасының есеп айырмашылығы 20 ұпайдан асып кетті. Латвиялықтар жағдайды өзгерту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, айырмашылықты айтарлықтай қысқартты. Бірақ "Астана" жалпы жағдайды бақылауда ұстап,  77:66 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша латвиялық командадан басым түскен елордалық клуб Раймундо Саргуно кубогының финалына шықты. Ал оның қарсыласы эстониялық "Парну Садамды" 82:77 есебімен ұтқан литвалық "Лиеткабелис" командасы болмақ. Финалдық матч бүгін, 14 қыркүйекте, Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады. Оған дейін латвиялық "Огре" мен эстониялық "Парну Садам" үшінші орын үшін таласады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу