"Тариф көтерілген жоқ, сараланды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2787

"Астана LRT" ЖШС басшысы мәселенің мән-жайын түсіндірді.

"Тариф көтерілген жоқ, сараланды"

Бүгіннен, яғни 2018 жылдың 21 шілдесінен бастап елорданың қоғамдық көліктеріне сараланған тариф енгізілді. Бұл – қоғамдық көліктің қызметіне жүгінген жолаушы жолақысын көлік картасымен төлесе - 90, қолма-қол берсе - 180 теңге төлейді деген сөз.

"Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердиновтың мәлімдеуінше, тариф туралы қате түсінік қалыптастырмау керек.

"Жол жүру ақысы қымбаттады деп дүрліккен дұрыс емес. Себебі тариф көтерілген жоқ, сараланды. Көлік картасы бар жолаушылардың барлығы қоғамдық көлікке бұрынғыдай - 90, жеті жастан 15 жасқа дейінгі балалар - 40, ал жол жүру ақысын қолма-қол беретіндер - 180 теңге төлейді. Қоғамдық көлікке артық шығын шығарып, қалтасын қаққысы келмеген әр жолаушы көлік картасын сатып алуға тиіс", – деді ол.

Басқарма төрағасының түсіндіруінше, сараланған тариф қоғамдық көлік қызметінің көлеңкесіндегі 20-30% қаржыны күнгейге алып шығады.

"Астанада күн сайын 500-600 мың адам тасымалданып, 30-35 млн теңге ақша айналады. Сараланған тариф бұл көрсеткішті 20-30%-ға өсіреді", – деді Бекмырза Игенбердинов.

Біздің ұққанымыз, жолаушылардан түскен әр теңге электронды түрде есепке алынатындықтан, жолаушылар тасымалымен айналысатын адамдар көлденең табыс тауып, қалталарын қампайта алмайды.  

Бекмырза Игенбердиновтың сөзінше, қоғамдық көлікпен жүрудің есептік тарифі 21 шілдеден бастап 106 теңгеден 198,8 теңгеге өсті. Осыған орай Астана қалалық әкімдігінің субсидиясы жылына 10-12 млрд теңгеге ұлғаяды.

Айта кетейік, 90 теңгелік тариф осыдан 4 жыл бұрын бекітілді. Сол уақыттан бері екі девальвация өтіп, жанар-жанармай бағасы 56%-ға қымбаттады. Алайда тариф өзгерген жоқ. Жолаушылар төлеген 90 теңгеден қалған шығынның барлығын жергілікті билік субсидиялады.

"Есептік тариф дегеніміз – жол жүрудің нақты құнын білдіретін тариф. Оған жанармай мен қосалқы бөлшек бағасының өсуі, тұтынушылар сұранысының артуы сынды түрлі факторлар әсер етеді. Біз есептік тарифті қайта қарадық. Нәтижесінде 108,8 теңге субсидияланатын болды", – деді Бекмырза Игенбердинов.

Басқарма төрағасының сөзінше, қаржы халыққа қызмет көрсеткен автобус парктерінің арасында үлестіріледі. Мамандар қай парктің қоғамдық көлігінде көп валидация жасалса, соған көп субсидия бөледі.

"Астана LRT" ЖШС-ның мәліметінше, елордалықтардың 30-35%-ы қоғамдық көлікпен жүреді. Бұлардың арасында 120 мың адам жеңілдікпен жүретін жолаушы саналады.

"Астана LRT" ЖШС басшысының айтуынша, жолаушылар маусым айында 30 мың, шілде айында 45 мың көлік картасын сатып алған.

"Біз көлік карталарын сату нүктелерін көбейттік. Қазір қала бойынша 6 мамандандырылған касса, 30 RTVM-терминал және 51 сауда нүктесі күніне 8 мың көлік картасын сатып жатыр. Қарапайым жолаушылар жаңашылдықты қабылдады және оның тиімді екенін түсінді. Көлік карталарын толтыру мүмкіндігін де арттырдық. Қазіргі уақытта оларды мамандандырылған кассалар, RTVM, Qiwi-терминалдары сонымен қатар kaspi.kz интернет-банкингі арқылы толтыруға болады. Бірнеше күннен кейін көлік картасын "Астана LRT" компаниясының www.transcard.kz сайты арқылы онлайн толтыру тәсілі де қолжетімді болады", – деді Бекмырза Игенбердинов.

Мектеп оқушылары...
Қыркүйек айының біріне дейін қоғамдық көлікке 40 теңге қол ақшасын төлеп, қалаған жеріне бара береді. Оқушылардың сараланған тарифке ересектерден кейін көшуінің себебін "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов: "Сараланған тариф бойынша 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар жол ақысының 50% төлейді. Сараланған тарифке көшу үшін мектеп оқушылары да ересектер сияқты көлік картасын сатып алады. Көлік картасын иемдену үшін мектеп оқушысы екенін растайтын анықтама, туу туралы куәліктің көшірмесі және фотосурет қажет. Жаз маусымында білім беру мекемелерінің демалыста болуына байланысты оқушыларға анықтама алу қиындық туғызады. Осыны ескеріп, қала билігі мектеп оқушыларын сараланған тарифке 1 қыркүйектен бастап ауыстыратын болды", – деп түсіндірді.

Қала қонақтары...
Астананың қоғамдық көлігімен жүру үшін "Жұмсақ билет" сатып алады. RTVM терминалында  сатылатын билетпен 10 рет  жүруге болады. "Жұмсақ билеттің" пластикалық көлік картасынан басты айырмашылығы ол қайта толтырылмайды. Атап көрсетерлігі, "Жұмсақ билеттің" қолдану мерзіміне шектеу қойылмаған. Яғни қала қонақтары "Жұмсақ билетті" сақтап қойып, Астанаға қайта айналып келгенде қажетіне жарата алады.

Тарифтік өзгеріс...
Зейнеткерлер, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар мен  оларға теңестірілген адамдар сонымен қатар 18 жасқа дейінгі мүгедек баланың заңды өкілдері (ата анасы) сынды алты әлеуметтік әлсіз топқа әсер етпейді. Себебі қалалық мәслихаттың шешімімен бұл топтағы адамдар қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Валидатор істемесе...
Қоғамдық көлікте тегін жүруге болады. Бұдан бөлек жолақысын карта арқылы төлеген жолаушы бір сағатта қалаішілік және экспресс-маршруттарда бір рет тегін жүре алады.

Қоғамдық көлікке мініп-түсу тәртібі....

Өзгерді. Иә, иә, бұдан былай қоғамдық көлікке шет мемлекеттердегідей  алдыңғы есіктен кіріп, көлік жүргізушісінің жанындағы валидаторға көлік картасымен төлем жасау керек.

163 540 теңге...

Соңғы екі күнде қоғамдық көліктердегі "қояндарға" осыншама айыппұл салынды. Көліктік бақылау департаменті Астана қаласы ІІД жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, бұл бағыттағы жұмысты үздіксіз жалғастыра береді.

Келесі жылдан бастап...

Қарапайым автобустарда қолма-қол төлем 200, көлік картасымен 120 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Ал экспресс-маршруттарда қолма-қол төлем 250 теңге, көлік картасымен 200 теңге болуы ғажап емес.

"Тарифті өсірмеу үшін әкімдік қанша субсидия бөлетініне қараймыз. Үш-төрт айдан кейін тағы қоғамдық жиын өткізіп, кіріс пен шығысты жария етеміз, – деді Бекмырза Игенбердинов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу