"Астана LRT" ісі: Адвокат Джохар Өтебеков соттан хатшыны ауыстыруды сұрады

1757

Нұр-Сұлтан қаласының сотында "Астана LRT" ісі бойынша аппеляциялық сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

"Астана LRT" ісі: Адвокат Джохар Өтебеков соттан хатшыны ауыстыруды сұрады

Еске сала кетсек аты шулы "Астана LRT" ісі бойынша сот үкімі осы жылдың 28 мамырында шыққан еді. Судья Қажымұқан Мекемтастың үкімімен кінәлі деп танылған 7 адамға 7 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында айыптаушы ретінде прокурор Диас Янгалышев болды. Сотталушыларға 5,8 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылған еді

Осы іс бойынша елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған. 

Бүгінгі аппеляциялық сот отырысында сотталушы Талғат Әшімнің адвокаты Джохар Өтебеков сот отырысының хатшысы Диана Ералинаны алып тастауды сұрады.

"Құрметті сот! Бір ай бойы сот отырысының хатшысы Диана Ералина менің және әріптестерімнің, Талғат Әшімнің қорғаушыларының шалған қоңырауларына жауап бермеді. Ол тұтқаны мүлде алмай, уатсаптағы хатымызға жауап бермеді. Кейін хабарласатынын айтып, қайта-қайта алдап кетіп отырды. Содан кейін бізге заттай дәлелдермен танысуға кедергі келтірді. Адвокаттардың бірі Нұр-Сұлтан қаласына заттай дәлелдермен танысу үшін арнайы барған болатын. Дәл барған кезде бұл заттай дәлелдердің жоқтығы анықталды. Іздеп ақыры Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотынан әрең табылды",– дейді адвокат.

Джохар Өтебековтың айтуынша, ұзақ уақыт бойы Әшімді әйелімен және шешесімен кездестіру қиын болған. 

"Ең қызығы, Ералинадан бүгінгі сот отырысы туралы хабарламаны да алған емеспін. Ақыры, сот отырысы туралы фейсбукке кіріп білуіме тура келді. Әлбетте, оның жұмыс жүктемесі ауыр шығар. Бірақ ол бұл сылтауды айтып ақтала алмайды. Өйткені ол бізбен байланысты мүлде үзіп тастады. Бүкіл бүгінгі күн бойы мен осы сотқа онлайн қосылу үшін Ералинаға қоңырау шалумен болдым. Осының бәрін есепке ала отырып, хатшының бұл қызметті атқаруға мүлде құзыреті жоқ деген әсерде қалдым. 18 жылдық жұмысымда жұмысқа мұндай жауапсыз қараған хатшыны көрген емеспін",– деп мәлімдеді Өтебеков.

Адвокат сонымен қатар Диана Ералинаның сот шешіміне қандай да бір мүддесі бар болуы мүмкін деп күдігін білдірді.

"Хатшының сотталушылардың біріне, оның ішінде менің қорғауымдағы Талғат Әшімге қатысты қандай да бір теріс пікірі бар ма, жоқ па – соны білгім келеді. Осыған байланысты хатшының құзыреті жоқтығын айта кеткім келеді. Ералинаны алып тастап, орнына басқа хатшыны тағайындауды сұраймын", деді Джохар Өтебеков.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу