Ресейдің "Орал әуе жолдары" әуе компаниясы 15 ақпаннан бастап Астана – Мәскеу (Астана/TSE – Жуковский әуежайы/ZIA) бағытында ұшуды бастайтынын мәлімдеді.
"Орал әуе жолдары" компаниясы Ресей мен Қазақстанның халықаралық қатынасын дамыту аясында жаңа "Жуковский" әуежайынан жан-жаққа рейс санын көбейтіп келеді. 2017 жылдың 15 ақпанынан бастап Қазақстан тұрғындары Астанадан Мәскеуге ("Жуковский" әуежайы) және керісінше тікелей рейспен сапар шегуге мүмкіндік алады. Одан бөлек әуе компаниясы екі бағытқа да ыңғайлы уақытты таңдап отыр, Астанадан сағат 18:15-те шықса, Мәскеуге 18:55-те жетеді және керісінше Мәскеуден 11:00-де шықса, Астанаға 17:15-те қонады. Жаңа халықаралық рейс аптасына үш рет ұшады (сәрсенбі, жұма, жексенбі)", – деп мәлімдеді "Орал әуе жолдары" баспасөз қызметі.
15 ақпанда Астанадан Мәскеуге эконом-класпен ұшу құны, салынатын салық пен алымды қоса есептегенде, 10250 рубльден басталады және 22 ақпанда Мәскеуден қайтардағы билет бағасы 9861 рубль, яғни барып-қайту құны 20111 рубль (ұлттық банктің ресми бағамы – 1 рубльге 5,58 теңге).
Осы мерзімде "Аэрофлот" әуе компаниясының эконом-класындағы билет құны 9989 рубль (Астанадан сағат 07:25-те шығып, Мәскеуге Шереметьево/SVO әуежайына 08:10-да қонады), бір аптадан соң, 22 ақпанда Мәскеуден кері қарай ұшқанда (Шереметьеводан сағат 23:50-де шықса, Астанға 23 ақпанда сағат 06:10-да қонады) билет бағасы 9600 рубль болады, яғни барып-қайту құны 19589 рубль немесе 109306,62 теңге.
Отандық Air Astana әуе компаниясындағы эконом-класс билетінің құны Астанадан (сағат 20:05-те шықса, Шереметьевоға қону уақыты 20:55) Мәскеуге дейін 57772 теңге болса, кері бағыттағы (Шереметьеводан 22:20-да шықса, Астанаға 23 ақпанда сағат 04:50-де қонады) билет бағасы 48950 теңге, яғни барып-қайту құны 106672 теңге.
"Осылайша нарыққа Ресейдің екінші әуе тасымалдаушы компаниясының келуі – Астана мен Мәскеу арасындағы әуе кеңістігінде ұшу құнының арзандауына әкеледі", – деп ұлттық Air Astana әуе компаниясының қауіптенуі жөнсіз болып шықты. Еске сала кетейік, Астана-Мәскеу бағытында ұшқан Ресейдің "Трансаэро" әуе компаниясы 2015 жылдың соңында банкрот болып, оның орнын "Аэрофлот" басқан еді. Ресейдің көлік министрлігі екі жақтан бір-бір әуе тасымалдаушысын жіберуді ұсынған болатын.
Іс жүзінде Астана-Мәскеу бағытында ұшатын ұлттық әуе тасымалдаушы ақпан айында төмен тариф ұсынып отыр. Мүмкін, мәселе теңгенің Ресей рубліне шаққандағы бағамының жоғары болуында шығар. Мысалы бір рубльге шаққандағы 5 теңге бағамымен Ресейдің қос әуе компаниясының билет құны Air Astana-ға қарағанда арзанырақ болады.
Былтыр ашылған "Жуковский" әуежайы енді-енді жұмысын жөнге салып жатыр. Баршаға белгілі Шереметьево әуежайымен салыстырғанда Жуковский арқылы ұшатын жолаушылар әуежайдан Мәскеуге дейін біршама жол жүруі керек (Мәскеуге дейінгі қашықтық шамамен 50 км).
Бұдан бұрын Ресейде көлемі жөнінен төртінші әуе тасымалдаушы – "Орал әуе жолдары" әуе компаниясы "Жуковский" әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуға рұқсат алды деп айтылған болатын. Қазақстаннан Ресей Федерациясына ұшатын екінші әуе тасымалдаушы қандай компания болатыны әзірге беймәлім. Инвестиция және даму министрлігінің айтуынша, министрлікке "Орал әуе жолдары" компаниясын Жуковский-Астана және Жуковский-Алматы бағыттарына тағайындау туралы РФ Сыртқы істер министрлігінен нота түсті.
"2016 жылдың 26 желтоқсанында министрлік "Орал әуе жолдары" әуе компаниясын Жуковский-Астана және Жуковский-Алматы бағыттарына тағайындауды қабылдағанын хатпен жеткізген болатын. Қазақстан мен Ресей әуе биліктері арасындағы келісімге сәйкес, осы бағыттарда екі әуе тасымалдаушы аптасына 7 рейс орындай алады", – деп жазылған министрліктің баспасөз қызметінің хабарламасында.