"Астана" маусымның соңғы "классикалық" веложарысына қатысты

1131

Елордалық "Астана Про Тим" командасы Бельгияда өткен классикалық жарыста бақ сынады.

"Астана" маусымның соңғы "классикалық" веложарысына қатысты

Бельгияда маусымының соңғы монументалды классикалық жарысы - "Фландрия туры" өтті. Шабандоздар Антверпеннен Ауденардеге дейінгі көптеген қиын асулары бар жарыс жолын (243 шақырым), соның ішінде Ауде Кваремонтты үш рет жүріп өтті.

Жарыстың шешуші сәтінде фавориттер тобынан үш шабандоз - Матьё Ван Дер Пул, Воут ван Арт және әлемнің қазіргі чемпионы Жулиан Алафилипп шабуылға шықты. Кейінірек Алафилипп төрешінің мотоциклімен соқтығысып, ауыр жарақат алды. Ал Ван Дер Пул мен Ван Арт спринтте жеңіске үшін таласқа түсіп, Ван Дер Пул жеңімпаз атанды.

Норвегиялық шабандоз Александр Кристофф із кесущілердің алғашқы тобынан спринтті жеңіп, үздік үштіктің қатарына ілікті.

"Астана Про Тим" командасының шабандозы Уго Уль көшбасшылардан кейінгі топпен бірге жарысты аяқтап, 44-нәтиже көрсетті.

"Бұл өте қиын жарыс болды. Бірақ, "Фландрия туры" оңай болуы мүмкін емес. Біз команда ретінде өте жақсы жұмыс жасадық. Мен сайыс басталғаннан командаластарымның қолдауына ие болдым. Жарыстың шешуші бөлігіне жақындаған кезде, біз бір-бірімізге көмектесіп, бірге болуға тырыстық. Содан кейін велесебедімнің дөңгелегі тесіліп қалды. Бірақ, мен топқа қайта оралдым. Кейінірек мүмкіндігінше алдыңғы қатарда болу үшін фавориттердің шабуылдарына ілесуге тырыстым. Бірақ бәрі ойдағыдай болмады. Соған қарамастан біздің команданың жұмысына көңілім толады және бүгін қолымнан келгеннің барлығын жасадым", - деді Уго Уль.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу