Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың сөзінше, қаржының басым бөлігі шетелдік ойыншыларға жұмсалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Антикор өкілі БАҚ өкілдерінің сұрағына жауабында көптеген легионердің қазір командаларда жоқ екенін айтқан. Сондай-ақ, қаржының спорт инфрақұрылымы мен балалар спортына бағытталғанын жөн көретінін жеткізген.
"Біз қаражатты әлдеқайда ұтымды пайдалануға болар еді деп ойлаймыз. Мысалы, спорт инфрақұрылымын дамытуға инвестиция салып, балалар мен жастардың білім алуына жағдай жасауға болар еді. Өйткені, өскелең ұрпақтан кәсіби футболшылар, хоккейшілер және болашақта елді жоғары деңгейде көрсете алатын басқа да спортшылар өсіп келеді", – деді ол.
Ұлан Сарқұлов қомақты қаржы легионерлердің жалақысына төленгенін ашық сөз етті.
""Астана" футбол клубына шамамен 50 млрд теңге бөлінді, оның 60-70 пайызы 2-3 маусым ойнаған шетелдік легионерлердің жалақысына кетті. "Барыс" хоккей клубына 49 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді, оның басым бөлігі де шетелдік спортшылардың жалақысына жұмсалды", – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.