"Астана" футбол клубының маркетинг және қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Қайсар Бекенов елордалық клубтың УЕФА Конференция лигасы аясында "Челсиге" қарсы ойыны Алматыда өтетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өкінішке қарай, жағдай осылай болды. Көшпенділер ойындары мен УЕФА регламентінен айналып өте алмаймыз. Бастапқыда бұл туралы ескерткен болатынбыз – ойынды Астанаға ауыстыру ықтималдығы аз еді.
Регламент бойынша УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңіндегі өз алаңымызда өтетін барлық матч бір стадионда өтуі керек. Ал кей ойындарды форс-мажор жағдайында резервтегі стадионда өткізуіміз мүмкін болған. Осы мәселе бойынша УЕФА-мен бірнеше рет келіссөз жүргізіп, федерация да бұл бағытта қолдау көрсетті. "Астана Аренадағы" алаң – жасанды, оған арнайы сертификаттау қажет. Ал сертификаттаудың уақыты дайын боламын дегенше, ойынның да уақыты жақындап келеді. Сондықтан "Витория" және "Челси" матчтарын Астанада өткізу енді мүмкін емес деп айтуға болады. Ресми түрде ойын Алматыдағы Орталық стадионда өтеді деп айтамыз", - деді Қайсар Бекенов.
Айта кетейік, "Астана" мен "Челси" арасындағы ойын 12 желтоқсанда өтеді.