Тарихи матч күні Алматы әкімдігі кептеліс болдырмау мақсатында тегін автобустар жүретінін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
UEFA Конференция лигасы аясындағы "Астана" мен "Челси" командаларының ойыны күні сол маңдағы көшелерге патрульдік полиция бекеттері қойылады.
– 12 желтоқсан күні қалада минус температура болады деп болжанады, сынап бағанасы шамамен -11 градус. Сондықтан жылы әрі ыңғайлы киім кию керек. Қауіпсіздік шараларына байланысты стадион аумағына термос алып кіруге тыйым салынады. Жанкүйерлер үшін стадион ішінде ыстық сусындар мен жеңіл тағамдар сатып алуға болатын сауда нүктелері жұмыс істейді. Стадион айналасында 60 биодәретхана, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар орнатылады, – деп хабарлады әкімдік.
Ресми мәліметке сәйкес, көлік кептелісін болдырмау мақсатында стадионға жақын аумақтарда 12 желтоқсан күні сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аралығында қозғалыс шектеледі. Ал Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін Сәтбаев көшесі толық жабылмақ.
Қала әкімдігі жанкүйерлердің Орталық стадионға баруы және кері қайтуы қолайлы болу үшін 8 тегін автобус маршрутын ұйымдастыруды қолға алған. Әр маршрутқа 10 автобустан бөлінбек. Жиналу нүктелерін 2GIS бағдарламасы арқылы бақылауға болады.
Олар:
- Қалқаман шағын ауданы (№7 қалалық ауруханааялдамасы) – Орталық стадион.
- Орбита шағын ауданы (Мұстафин-Торайғыров көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
- Айнабұлақ шағын ауданы (Мақатаев-Павлодар көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
- "Халық Арена" аялдамасы (солтүстік бағыт) – Орталық стадион.
- Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион.
- "Райымбек батыр" метрополитен бекеті – Орталық стадион.
- Наурызбай ауданының ХҚКО аялдамасы – Орталық стадион.
- Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысы аялдамасы – Орталық стадион.
- Автобустар сағат 16:00-ден бастап жүре бастайды.