"Астана" мен "Тобыл" Қазақстан кубогының жартылай финалына шықты

1169

Қазақстан кубогы аясында төрт матч өтті.

"Астана" мен "Тобыл" Қазақстан кубогының жартылай финалына шықты

"Каспий" Қазақстан Кубогының ширек финалындағы жауапты матчта "Астананы" қабылдады. Кездесу Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өтіп, 0:1 есебімен елордалық клубтың пайдасына аяқталды. Матчтың 3-минутында "Каспий" қорғаушысы Алексей Залеский алаңнан қуылған еді, 106-минутта Валерий Чуперка қызыл қағаз алды. Ал жеңісті голды ойынның 116-минутында Исламбек Қуат соқты.

Сонымен қатар "Тобыл" Қазақстан Кубогының ширек финалында "Қызыл-Жармен" күш сынасты. Қостанайдағы Орталық стадионда өткен матч 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойындағы жалғыз әрі шешуші голды Роман Асранқұлов өз атына жазды. Ол 61-минутта қақпа алдындағы қарбаласты пайдаланып, өз командасына жеңіс сыйлады. Қос команда арасындағы алғашқы кездесу де 1:0 есебімен қостанайлық клубтың пайдасына шешілген еді.

"Қайрат" Қазақстан Кубогының ширек финалында "Қайсармен" кездесті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 3:0 есебімен аяқталды.

Ойындағы алғашқы гол 40-минутта соғылды. Бұрыштамадан асырылған пас Нұралы Әліпке тиіп, Вагнер Лавтың басына дәл келді. Ал бразилиялық шабуылшы ашық қақпаны көздеуде еш қателеспеді. 75-минутта Вагнердің пасынан кейін Хосе Канте есепті еселеді. Ал 94-минутта Рикардо Алвеш ойынның нүктесін қойды.

Қос команда арасындағы жауапты кездесу 27 қазанға жоспарланған.

"Тараз" Қазақстан Кубогының ширек финалында "Шахтермен" кездесті. Матч Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 0:0 есебімен аяқталды. Алаң иелері Игорь Шацкий қақпасына төрт мәрте қауіп төндірсе, "кеншілер" де төрт соққы жасады. Бірақ есеп ашылмады. Ойынның бас төрешісі тек Абзал Таубайға ғана сары қағаз көрсетті. Қос команда арасындағы жауапты кездесу 27 қазан күні Қарағандыда өтеді. Сол ойында жартылай финалға өтетін команда анықталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу