"Астана" Мигель Анхель Лопеске қатысты мәлімдеме жасады

1694

Astana Qazaqstan Team команда көшбасшысы колумбиялық Мигель Анхель Лопестің допинг дауына қатысы бар деген күдікпен ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.

"Астана" Мигель Анхель Лопеске қатысты мәлімдеме жасады

Бұған дейін Испанияның бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Мадрид әуежайында спортшыны Азаматтық гвардияның сот полициясы қызметіне қарасты Орталық оперативті департаментінің (UCO) агенттері күтіп тұрған. Болжам бойынша Лопестің допинг дауына қатысы бар. Бұл істегі басты тұлға испаниялық дәрігер, физиолог Маркос Майнар.

Лопес Испанияға Villafranca-Classic Test of Ordizia жарысына қатысу үшін келді. Бұл оның "Джиро д'Италия-2022" жарысындағы жарақатынан кейінгі алғашқы жарысы болуы керек еді. Дегенмен ол қазіргі уақытта доктор Майнармен байланысы туралы тергеуден бас тартқан жоқ. Колумбиялық шабандоз Испанияда қолдануға рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді таратуға қатысты іс бойынша куәгер ретінде шақырылған сияқты.

"Кеше БАҚ-та тараған жаңалықтар бізді таң қалдырды. Қазір бізде ешқандай мәлімет жоқ. Осыған байланысты команда Мигель Анхель Лопесті жағдайдың анық-қанығына жеткенге дейін командадағы кез келген қызметтен шеттету туралы шешім қабылдады", – делінген Astana Qazaqstan Team хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, Лопес әртүрлі жарыстар мен велододалардағы жеке кезеңдердің жеңімпазы. Ол 2018 жылы "Астана" сапында "Джиро д'Италия" және "Испания Вуэльтасы" гранд-турларында үшінші орынға ие болды.

Ал дәрігер Маркос Майнар Мариньо осы жылдың мамыр айында спортшылармен жұмыс істеу кезінде тыйым салынған препараттарды заңсыз пайдаланды деген күдікке ілінген. Испанияның Экстремадура университетінің профессоры 11 мамырда тыйым салынған препараттарды заңсыз айналымға шығарып, қаржы жымқырды деген айыппен қамауға алынған. Дегенмен ол қазір бостандықта жүр.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу