Біріңғай ВТБ лигасының турнирлік кестесінің ең соңғы орындарында келе жатқан екі команда Минск қаласында кездесті. "Минск" клубы қазір өте қиын жағдайда. Бұл ойында "Астананы" жеңгенімен де турнирлік кестеде еш көтеріле алмайтын еді. Жеңіс тек қана рухани ләззат сыйлар еді. Одан өзге еш көмегі жоқ жеңіс болатын. Десе де, "Минсктің" оған да шамасы жетпеді. Біздің "Астана" алғашқы кезеңнен бастап сәтті ойнады. Ал қазақстандық команда үшін бұл жеңіс плэй-оффқа жолдама алу үшін ауадай қажет болатын.
Бірінші кезеңде "Астананың" басымдылығы +3 немесе +6 ұпай аралығында болды. Түбінде қонақтар 20:15 есебімен жеңіп шықты. Екінші кезеңді алаң иелері жақсы бастағанымен Кисилевтің шәкірттері қарсыластың адуынды ойынын басып тастады. Тіпті ойынның 15 минутында 34:19 есебімен алға шықты. 15 ұпай артықшылығы бар команда үзіліске өте жақсы көңілмен кетті. Қарсыластың ұпай айырмашылығын қысқарта білгені де көңілге қаяу түсіре алмады.
Үшінші кезеңде "Астана" тек уақытты созып, ұпай басымдылығын сақтап қалуды ғана көздеді. Кейіннен қарсыластың аса қатты көңілсіз болғанын пайдаланып ұпай айырмашылығын одан әрі ұлғайтты. 60:49 нәтижесімен үшінші кезең аяқталып, "Астана" 11 ұпай айырмашылық жасап алды. Соңғы шешуші төртінші кезеңде кам-бэк жасауды ойлаған "Минск" баскетболшыларының ұмтылысы тасқа соғылған қылыштай болды да қалды. 76:65 нәтижесі тіркеліп, таблодағы көрсеткіш "Астанаға" жеңіс сыйлады.
"Астана" маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Енді елордалықтар 4 қаңтар күні өз алаңында "Самара" командасын қабылдайды. Бұл команданың 18 ойында 6 жеңісі бар.