"Астана" шабуылшысы Тигран Барсегян ойынның 11-минутында Марин Томасовтың пасынан кейін есеп ашты. Ал 29-минутта Барсегян дубль авторы атанды. 40-минутта Марин Томасов кездесудегі үшінші голды соқты. Нәтижелі пасты Дмитрий Шомко өз еншісіне жазды.
Екінші тайм бастала салысымен Алексей Щёткин қанжығасын майлады. Ал 56-минутта "Оқжетпес" ойыншысы Дмитриев есеп айырмасын қысқартқан еді. Бірақ 86-минутта Алексей Щеткин дубль жасап, ойынның нүктесін қойды. "Астана" бұл ойыннан кейін 27 ұпаймен екінші орынға көтерілді. 10 ұпайы бар "Оқжетпес" оныншы орында тұр.
Сонымен қатар бүгін талдықорғандық "Жетісу" Премьер-лиганың 15-турында қызылордалық "Қайсарды" жеңді. Сегізбаев атындағы стадионда өткен матч 3:1 есебімен аяқталды. Бұл матчта қызыл қағазды да, соғылмаған пенальтиді де, әдемі голды да көруге мүмкіндік алдық.
Ойындағы алғашқы голды 29-минутта "Жетісу" ойыншысы Аслан Дарабаев соқты. Оның алыстан бағыттаған соққысы Александр Заруцкийдің қателігінен кейін қақпа торынан табылды. 41-минутта "Қайсар" шабуылшысы Колев қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Ал 48-минутта Элвин Фортес допты тоғыздыққа топ еткізіп, есепті теңестірді.
Кездесудің 53-минутта "Жетісу" қақпасына пенальти белгіленіп, Федин бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Оның жасаған соққысын Алмат Бекбаев қайтара білді. 71-минутта Мавутор баспен гол соғып, командасын алға шығарды. Ал араға 9 минут салып Айбар Жақсылықов екі ойыншыны алдап өтіп, әдемі голдардың бірін соқты. Көптен күткен үш ұпайға қол жеткізген "Жетісу" 19 ұпаймен алтыншы орынға тұрақтады. 20 ұпайы бар "Қайсар" бесінші орында тұр.
Ермұхамед Мәулен