Astana Open: Анна Данилина екінші айналымға өтті, Жібек Құламбаева жарысты аяқтады

1028

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Astana Open WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Astana Open: Анна Данилина екінші айналымға өтті, Жібек Құламбаева жарысты аяқтады

Данилина ресейлік Анна Блинковамен бірге бастапқы кездесуін қазақстандықтар Жібек Құламбаева - Гөзал Айнитдиновамен өткізді. 1 сағат 17 минутқа созылған матчта бірінші сетте Данилина мен Блинкова басымдық танытты - 6:3. Екіншісінде қазақстандықтар бір де бір гейм берген жоқ - 6:0. Гөзал мен Жібек супер тай-брейкті де әдемі бастап, сенсация жасайтындай көрінген. Дегенмен тәжірибелі қарсыластары күш алып кетті - 10:8. Осылайша қазақстандық-ресейлік жұп екінші айналымға өтті.

Ал жекелей сында Жібек Құламбаева Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады. Қазақстандық теннисші беташар кездесуін осы жарыстың екінші ракеткасы, бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен өткізді. Бірінші партияда бельгиялық спортшы 6:3 есебімен басым түсті. Екіншісінде Жібек қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға шыққанымен, сол қарқынды жалғастыра алмады. Ақыры тәжірибелі қарсыласына 4:6 есебімен есе жіберді. Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта 21 жастағы Құламбаева 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Бельгиялық теннисші 5 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.

Кездесу аяқталған соң Жібек Құламбаева ойынға қатысты пікір білдірді.

"Жеңіске жетуге мүмкіндіктерім болды деп ойлаймын. Әсіресе екінші сетте. Бірақ қарсыласым жақсы ойнады. Рейтингте жоғары тұрғанын дәлелдеді. Бұл турнирдің алдында Нұр-Сұлтанда Қазақстан чемпионаты өтті. Онда wild card ойнатылды. Мен оны ұтып алғандықтан, Astana Open WTA 250 турнирінің негізгі кезеңінде ойнадым және жақсы теннис көрсетуге тырыстым", - деді Жібек Құламбаева.

Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан жарыста ертең Қазақстаннан жекелей сында Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Анна Данилина кортқа шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу