Astana Open ATP 250: Евсеев пен Попко іріктеуден сүрінбей өтті

1538

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық теннис орталығында іріктеу ойындары өтті.

Astana Open ATP 250: Евсеев пен Попко іріктеуден сүрінбей өтті

Денис Евсеев Astana Open ATP 250 іріктеу кезеңінің бірінші айналымында украиналық Илья Марченконы екі сетте жеңді, - деп хабарлайды Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі. Өткен жылы Қазақстан астанасында Денис Евсеев іріктеу турнирі аясында аустралиялық Марк Полманстан үш сетте ұтылған еді. Бұл жолы біздің теннисші мұқият дайындалыпты. Бірінші сетте партияны өз пайдасына алу үшін екі брейк жеткілікті болды, есеп 6:4. Екінші сеттің басында Денис қарсыласының доп бергені кезінде үш брейкке ие болды, Марченко біріншісін өз пайдасына шеше алса, екіншісін Евсеев қанжығасына байлап, есепте алға шықты. Келесі кезекте қарсыластар қателікке бой алдырған жоқ. Ал қазақстандық сенімді түрде жеңіске жетті - сетте де, кездесуде де есеп 6: 4, 6: 4 болды. Турнирдің негізгі ұтыс ойынына жету үшін Денис өткен жылы өзі жеңілген аустралиялық Марк Полманспен немесе италиялық Джанмарко Моронимен кездеседі.

"Мен қатаң тактика ұстандым. Илья - өте тұрақты ойыншы. Баппен ойнай бастаса оған тепе-теңдікті сақтауға жол бермеу керек. Мен оны артқы сызықта ұстап, оңға қарай жүгіруге жол бермедім. Сөйтіп басымдықты қолыма алуым керек еді.  Артынша оң жақта өз билігімді жүргіздім. Әдеттегідей біздің турнир жоғары деңгейде өтуде. Мен Қазақстан Теннис Федерациясының осындай жағдай жасағанына ризамын. Қазақстан теннисте әлемнен кенже қалған жоқ. Жыл сайын жер шарының түкпір-түкпірінен мықты ойыншылар келіп, үздік теннис көрсетеді. Ал ең бастысы, олар өз еліне қуанышпен оралады", - деді Денис Евсеев.

Ал ATP рейтингісінде 195-орында тұрған Дмитрий Попко 846-орындағы болгариялық Симон Ивановты екі сетте жеңді. 59 минутқа созылған матч 6:2, 6:3 есебімен аяқталды. 24 жастағы қазақстандық жеті рет эйс жасап,  екі рет қосарланған қателік жіберді. Сондай-ақ мүмкін болған бес брейк-пойнтты жүзеге асырды.  Оның 21 жастағы қарсыласы бір эйсімен көзге түсіп, бес рет қосарланған қателік жіберді және бір брейк-пойнтқа ие болды.

"Нұр-Сұлтанға алдын ала келіп, жақсы дайындық жасадым. Бір апта бұрын Қазақстан чемпионатында ойнадым. Өзімді орталық алаңда жақсы сезінемін. Оны бұрыннан білемін. Себебі мұнда бірнеше рет ойнағанмын. Кездесу басында аздап қобалжығаным рас. Бірақ үзілістен кейін өзімді сенімді сезіндім. Келесі кездесуде де барымды саламын және турнирдің негізгі кезеңіне шығуға тырысамын", - деді Дмитрий Попко.

Попко финалда аустриялық Юрий Родионов пен аустралиялық Мэттью Эбден арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.

Сонымен қатар 1 сағат 1 минутқа созылған ауыр кездесуде 23 жастағы Ломакин 25 жастағы швед Элиас Имерден 3:6, 2:6 есебімен жеңіліс тапты. Қазақстандық төрт рет эйс жасап, бірде-бір қосарланған қателік жасамады.  Теміртаулық спортшы үшін дәл осы ойын ATP сериялы турнирдегі дебюттік кездесу болды.

"ATP турниріндегі дебюттік матчта жеңіліп қалғаныма көңілім түсті. Бірақ бар күшімді салып, әр сәтте барымды салдым. Ойын мен ойлағандай болмады", - деді Ломакин матчтан кейін.

Осылайша турнирдің алғашқы күні іріктеуде қазақстандықтар жақсы өнер көрсетті. Негізгі турнир бүгін басталып, 26 қыркүйекке дейін жалғасады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу