Astana Open: Латынамерикалық дуэт жеңіске жетті

986

Жеңімпаздар 250 рейтингтік ұпайға және ақшалай сыйлыққа ие болды.

Astana Open: Латынамерикалық дуэт жеңіске жетті

Нұр-Сұлтандағы жұптық турнирдің финалында мексикалық Сантьяго Гонсалес пен аргентиналық Андрес Молтени Джонатан Эрлих (Израиль)/Андрей Василевский жұбын 6:1, 6:2 есебімен жеңді, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Матч 59 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде жеңімпаздар бірден бес рет эйс жасап, 13 брейк-пойнттың бесеуін жүзеге асырды. Джонатан мен Андрей үш рет эйс жасап, үш рет қосарланған қате жіберді.

Astana Open ATP 250 турнирінің финалисі Андрей Василевский жанкүйерлерге, демеушілерге және турнир ұйымдастырушыларына шынайы алғысын білдіріп, команданың кәсіби шеберлігі мен Қазақстандағы теннистің даму қарқынына сүйсінді.

"Мен Қазақстанға жиі келіп жүрмін. Келген сайын жылдан жылға турнир деңгейлерінің өсіп келе жатқанына куә болып жүрмін. Алдымен фьючерстер, содан кейін Челленджерлер, енді ATP 250 сияқты ірі турнирлер өтіп жатыр", - деді спортшы эмоциясын жасыра алмай.

Турнир жеңімпазы Андрес Молтени турнирдің жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Сонымен қатар көрермендер мен жанкүйерлердің трибунаға қайта оралғанына қуанышын білдірді.

Сантьяго жұптық разрядта 15-мәрте АТР чемпионы атанса, Молтени жетінші титулын жеңіп алды. Қазақстан астанасындағы жеңіс мексикалық пен аргентиналыққа 17 570 доллар ақшалай сыйлық пен 250 рейтингтік ұпай әкелді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу