Қазақстандық, әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Astana Open WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 408-орында тұрған Беларусь өкілі Вера Лапкомен күш сынасты. Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде де дәл сондай есеппен матчты түйіндеді – 6.4. Бір жарым сағатқа созылған бәсеке барысында Ю.Путинцева 3 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 1 (3 брейк-пойнт) брейктен аса алмады. Ю.Путинцева жартылай финалға шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған 21 жастағы ресейлік Анастасия Гасановамен таласады.
Ал Зарина Дияс өкінішке орай, ширек финалға шыға алмады. Дүниежүзілік рейтингте 109-орында тұрған Зарина екінші айналымда әлемнің 86-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен кортқа шықты. Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған кездесу барысында швециялық теннисшінің басымдылығы айқын байқалып тұрды. Екі сетте де алға шыққан ол 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетті. Петерсон 1 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланса, Зарина Дияс 6 брейк-пойнттың екеуін ғана өз есебіне жаза алды.
Айта кетейік, аталған турнирге Анна Данилина да қатысқан болатын. Бірақ алғашқы айналымда ол француз қызы Кристина Младеновичке 4:6, 7:6 (7:5), 4:6 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтады. Енді қазақстандық теннисшілерден турнирді тек Юлия Путинцева ғана жалғастыратын болды.
Ермұхамед Мәулен