Әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Astana Open WTA 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.
Осы доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 160-орында тұрған ресейлік Анастасия Гасановамен кездесті. Бірінші сетте Путинцева 6:3 есебімен басымдылық көрсетті. Екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4. Үшінші, шешуші партияда Юлия Путинцева Гасанованы тас-талқан етті - 6:0. Екі сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 2 эйс жасап, 18 брейк-пойнттың сегізін пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 4 брейктен аса алмады. Ю.Путинцева финалға шығу үшін швециялық Ребекка Петерсонмен сынға түседі.
Ал швециялық Ребекка Петерсон WTA 250 Astana Open турнирінің соңғы жартылай финалисті болып тіркелді. Ширек финалда Ребекка ресейлік Анастасия Потаповадан - 6: 4, 6: 7, 6: 4 есебімен басым түсті. Екінші жартылай финалда Элисон Ван Эйтванк (Бельгия) мен Жаклин Кристиан (Румыния) кездеседі.
Ширек финалдық матчтан кейін Юлия Путинцева кездесуге қатысты өз пікірімен бөлісті.
"Кездесу басталғанда ойымдағыдай жұмыс істей алмадыи. Сәл қобалжыдым. Ойын басқаша болды. Кеше қарсыласым допты керемет күшпен соқты. Бірақ бүгін жылдамдық басқаша болды. Сондықтан бастапқыда бейімделе алмадым. Қысым көрсетуге тырысқанда, доп қиыс кетіп жатты. Қорғаныста мықты болуға тырысқанымда, қарсылас қысым жасауға көшті. Сондықтан жүйкем жұқара бастады. Бірақ, уақыт өте келе ойын ырғағын тауып, екінші сеттің соңында өз ойынымды көрсете бастадым. Бұл маған үшінші сетте сенімді түрде жеңіске жетуге мүмкіндік берді", - деді Путинцева.
Финалдық ойындар бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен