Astana Open: Зарина Дияс пен Юлия Путинцева екінші айналымға шықты

989

Өкінішке орай, жекелей сында қазақстандық теннисші Анна Данилина жарыстан шығып қалды. Дегенмен жұптық сында өнер көрсетуін одан әрі жалғастырады.

Astana Open: Зарина Дияс пен Юлия Путинцева екінші айналымға шықты

Зарина Дияс Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. Әлемнің 109-ракеткасы Зарина бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 210-орында тұрған 19 жастағы ресейлік Анастасия Захаровамен өткізді. Бірінші партияда тай-брейкте Зарина Дияс басым түсті - 7:6 (8:6). Екіншісінде қарсыласы есе қайырды - 6:4. Үшінші, шешуші сетте алдымен Зарина алға шыққанымен, ресейлік теннисші таразы басын теңестірді. Дегенмен Зарина тартысты өткен матчты жеңіспен түйіндей білді. З.Дияс екінші айналымда әлемнің 86-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен шеберлік байқасады. Ол рейтингте 121-сатыдағы швейцариялық Штефани Фегелені 7:5, 4:6, 6:3 есебімен тізе бүктірді.

Сонымен қатар әлемнің 47-ракеткасы Юлия Путинцева да Astana Open WTA 250 турнирін сәтті бастады. Елімізде алғаш рет осындай жоғары деңгейде өтіп жатқан жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бірінші айналымда рейтингіде 162-орында тұрған грузиялық Екатерина Горгодземен кездесті. Ю.Путинцева қарсыласын 6:1, 6:2 есебімен оңай ұтты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Путинцева 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Горгодзе 1 эйспен шектеліп, брейкке қол жеткізе алған жоқ. Ю.Путинцеваның келесі қарсыласы - Беларусь өкілі, рейтингіде 408-сатыдағы Вера Лапко. Ол бастапқы кездесуінде германиялық Юле Нимайерді ұтты - 7:5, 4:6, 6:4.

Анна Данилина Astana Open WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады. Дүниежүзілік рейтингте 287-орында тұрған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 62-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда Младенович басымдылық танытты - 6:4. Екіншісінде Данилина тай-брейкте сәттірек ойнады - 7:6 (7:5). Үшінші, шешуші партияда жеңіс франциялық спортшының қанжығасында кетті - 6:4. Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта Данилина 2 эйс жасап, 16 брейк-пойнтттың тоғызын пайдаланды. Қарсыласы 11 брейкке (16 брейк-пойнт) қол жеткізді. Осылайша А.Данилина жекелей сында жарыс жолынан шығып қалды. Дегенмен ол жұптық сында доданы жалғастырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу