"Астана Опера" театрының басшылығы 34,8 млн теңге жалақы алатыны рас па?

5668

Депутаттар әртістердің кедейге айналғанын айтады, Үкімет басшысы мұны растамады.

"Астана Опера" театрының басшылығы 34,8 млн теңге жалақы алатыны рас па? Фото: momentaryawe.com

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет театрының таяуда жарияланған, "2023 жылғы 31 желтоқсанда аяқталған жылға арналған Қаржылық есебі" біраз жайттан хабар береді.

Мысалы, онда 3 адамнан тұратын басшылыққа 2022 жылы – 34 млн 68 мың, 2023 жылы – 34 млн 870 мың теңге жалақы төленгені айтылған. Бұған қоса, ол үшеуіне 2022 жылы – 2 млн 856 мың теңге, 2023 жылы – 4 млн 546 мың теңге "демалыс бойынша пайдаланылған резерв" берілгені айтылған.

Сондай-ақ театрдың есебінде үшеуге "демалыс-отпуск резерві" бойынша да 2022 жылы – 4 млн 628 мың теңге, 2023 жылы – 3 млн 861 мың теңге аударылғаны көрсетіліпті.

Есепте "Астана Опера" ұжымында жалпы саны қанша адам жұмыс істейтіні жарияланбады. Бірақ жалақыға театр 2022 жылы – 3 млрд 114,9 миллион теңге, ал, 2023 жылы – 3 миллиард 387,8 миллион теңге жұмсағаны жазылды. Яғни, еңбекақы қоры жыл сайын өсіп келеді.

Бұдан бөлек, театр азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (договора ГПХ) бойынша сырттан жалдаған мамандарына 2022 жылы – 143 млн 146 мың теңге, 2023 жылы 105 млн 868 мың теңге төлем төледі.

Жалпы алғанда, "Астана Опера" іссапарларға, демалыстар бойынша резервтерге, көлікке, үй-жайларды жалға алуға, қызметкерлерді сақтандыруға, телефон байланыстарына және басқа әкімшілік шығыстарына 2022 жылы – 7 миллиард 855,9 миллион теңге, 2023 жылы – 7 миллиард 110,5 миллион теңге шығындапты.

Бір жақсысы, бұл театр өз қызметкерлеріне үй береді екен. Мысалы, бұдан бұрынғы, 2020 жылғы қаржылық есебінде "Астана Опера" алдында оның қызметкерлерінің қызметтік пәтерлерді "рассрочкаға" (бөліп төлеумен) сатып алуы бойынша 3,2 миллион теңге қарызы бары айтылған. Ол кезде театр "қызметкерлерге 3 пәтерді 5 жыл мерзімге бөліп төлеу әдісімен сатты".

"Қызметкерлерге баспананы сату "Астана Опера" Мемлекеттік опера және балет театры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (ары қарай – қоғам) Директорлар кеңесінің 2019 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен бекітілген Қоғам қызметкерлеріне баспананы өткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуда", – деп жазылған сол есепте.

2023 жылды түпкілікті қорытындылаған жаңа Қаржылық есебінде қызметкерлеріне қанша пәтер сатылғаны айтылмайды. Алайда қызметкерлердің қарыз сомасы күрт артқан. Оны бөліп төлеу мерзімі де 5 жылдан 15 жылға еселеп өсірілген екен.

"Қоғамның ұзақ мерзімді сауда және басқа дебиторлық берешегі 2022 жылғы 31 желтоқсанда – 341 млн 309 мың теңгені, 2023 жылғы 31 желтоқсанда – 352 млн 799 мың теңгені құрады. Ұзақмерзімді сауда дебиторлық берешек – қоғам қызметкерлерінің қызметтік пәтерлерді сатып алу бойынша қарыздарынан құралған. Оны өтеу мерзімі – 15 жыл. Есепте бұл берешек дисконтталған құны бойынша көрініс табады", – делінген "Астана Операның" биылғы есебінде.    

Құжатта бұл театрдың ел бюджетінен мол субсидия алатыны туралы ақпарат бар.

"Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 16 қарашадағы №354 бұйрығына сәйкес, "Астана Опера" мемлекеттік субсидия алады. Ол субсидия театрлық, мәдени-көңіл көтеру және концерттік іс-шаралардың халықтың барлық қабаттарына қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қызмет ұсынумен байланысты шығындарды өтеуге, сондай-ақ классикалық, халықтық, музыкалық және хореографиялық өнерді насихаттауға беріледі. Бюджеттік қаражат есептік шотына есептік жылдың басында аударылады. Бірақ қоғам тек есептік кезеңнің нәтижелері бойынша игерген бюджеттік субсидия көлемін ала алады", – делінген есепте.

Нәтижесінде, "Астана Опера" осы бағытта ел бюджетінен 2022 жылы – 2 млрд 517,1 миллион теңге, 2023 жылы – 2 млрд 384,4 миллион теңге ақша игеріпті.

Жұртшылықтың "Астана Операның" шығыны мен бюджетіне назар аударуына осы опера және балет театры қызметкерлерінің Парламентке шағым айтып жүгінуі себеп болды.

Соның негізінде Мәжілістегі "АМАNАТ" партиясының депутаты, журналист Сергей Пономарев "Астана Операның" барлық қызметкерінің жалақысын тағы 30%-ға өсіруге және оларға жыл сайын сауықтыру жәрдемақысын төлеуге 1,5 миллиард теңге қосымша ақша сұратты.

Театрдың өз есебіндегі ақпарат бойынша "Астана Операның" басшылығындағы 3 тұлғаның тек жалақысына былтыр 34,8 миллион теңгеден астам қаржы аударылғанын әлгінде айттық. Ал, қатардағы әртістерінің қанша жалақы алатынын депутат та айтпады.

"Бүгінде еліміздің осы беткеұстар флагмандық опера театры әртістерінің жалақысы басқа республикалық немесе ұлттық театрларға қарағанда 1,5 есеге аз. Бүкіл әлем қол соғатын солистер мен әртістер кемсітілген жағдайда қалды. Салдарынан, кадрлардың ағыны алапат ауқым алды, сахна жұлдыздары кетуге мәжбүр. Тек 2024 жылы бұл театрдан 100-ден астам музыкант, әртіс, инженер мен шебер кетіп қалған. Санаулы кәсіпқой мамандарды алмастыру мүмкін емес. Еліміздің басты сахнасындағы қойылымдарға дефицитті билеттерге біз әзер дегенде қол жеткіземіз, бірақ оның әртістерінің кедейленген, жұтаған жағдайын білмейді екенбіз", – деді мәжілісмен.

Оған жауабында Үкімет басшысы бұл театрда жалақы төлеуге бюджеттен онсыз да мол қаржы бөлініп жатқанын жеткізді. Дегенмен, оны ары қарай арттыруға ниетті.

"Атап өтуім керек, 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте театр қызметкерлерінің жалақысын 20% арттыруға жыл сайын 581 миллион 812 мың теңге бөлініп келді. Субсидия мөлшері 90%-дан 92%-ға дейін арттырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ақпаратынша, бүгінде аталған театр қызметкерлерінің еңбекақы қорына 369 миллион 174 мың теңге қосымша үстемеақы ретінде қайта бөлінген. Бұл биылғы жылдың қыркүйегі мен желтоқсан айлары аралығында "Астана Операның" шығармашылық құрамы мен өндірістік-техникалық персоналының жалақысына 30% көлемінде үстемеақы қосуға мүмкіндік берді", – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар 2024 жылғы республикалық бюджетке түзету енгізу аясында Республикалық бюджеттік комиссия осы театрдың қызметкерлеріне емдеу-сауықтыру жәрдемақыларын төлеуге тағы 294 миллион 457 мың теңге шығын шығару ұсынысын қолдапты.

Сондай-ақ 2025-2027 жылдарға арналған алдағы үшжылдық республикалық бюджет жобасында "Астана Опера" театрына жыл сайын 6 миллиард 27 миллион теңгеден астам субсидия бөліп отыру қарастырылған.

Соның ішінде әртістер мен басқасына сауықтыру жәрдемақысы түрінде жыл сайын 258 миллион 886 мың теңге беріліп тұрмақ.

"Бұған қоса, Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында бүгінде 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланып жатыр. Соның аясында аталған театр қызметкерлерінің жалақысын алдағы жылдары арттыру мәселесі пысықталуда. Қарау қорытындысында шешімі қабылданады", – деді Үкімет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу