"Астана" өз алаңында "Ақсудың" тас-талқанын шығарды

1877

Елордалық клуб турнирлік кестеде көш бастады.

"Астана" өз алаңында "Ақсудың" тас-талқанын шығарды

"Астана" Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші турында "Ақсуды" қабылдады. Матч "Астана Аренада" өтіп, 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Елордалық клуб сапында Абат Айымбетов, Марин Томасо, Рай Влут, Станислав Басманов және Юрий Перцух мергендігімен көзге түсті.

"Тобыл" мен "Каспий" Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші туры аясында өзара мықтыны анықтады. Қостанайдағы Орталық стадионда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Кездесудің 6-минутында Игорь Сергеев Зоран Тошичтің пасынан кейін есеп ашты. Ал бірінші таймның аяқталар тұсында Тошичте есепті еселейтін мүмкіндік болып еді. Бірақ тәжірибелі футболшы пенальтиді өз пайдасына жарата алмады.

"Тұран" Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші турында "Ақжайықпен" кездесті. Матч "Түркістан Арена" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 25-минутында "Ақжайық" ойыншысы Рафаэль Сабино өз қақпасына гол соғып алды. Дегенмен 52-минутта Сергей Шустиков таразы басын теңестіріп кетті.

Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші турында "Қайрат" пен "Мақтаарал" үш ұпайды сарапқа салды. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Матчтағы жалғыз әрі жеңісті голды 70-минутта Виктор Васин соқты.

Қазақстан Премьер-лигасының 14-турында "Атырау" мен "Ақтөбе" өзара мықтыны анықтады. Матч Атыраудағы "Мұнайшы" стадионында өтіп, 0:2 есебімен аяқталды. Ойынның 62-минутында "Ақтөбенің" қорғаушысы Ескендір Қыбырай алаңнан қуылды. Негізгі уақыттың аяқталуына екі минут қалғанда Равиль Ибрагимов өз қақпасына гол соғып алды. Ал 95-минутта Виталий Балашов мергендігімен көзге түсіп, кездесудің нүктесін қойды.

"Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші турында "Таразбен" кездесті. Матч Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өтіп, 3:2 есебімен алаң иелері жеңіске жетті. Ойынның 8-минутында Эльхан Астанов пенальтиді сәтті орындады. 15-минутта Всеволод Садовский есепті еселеді, ал төрт минуттан кейін Милен Гамаков өз қақпасына гол соғып алды. Бірінші тайм аяқталар тұста "Ордабасы" қақпасына пенальти белгіленді. Нүктеге келген Әлішер Сүлей Бекхан Шайзададан айласын асыра алмады. Дәл сол сәтте айып алаңында тәртіп бұзылып, "Тараз" тағы да пенальти тебетін мүмкіндікке ие болды. Бұл жолы Жақып Қожамберді мүлт кетпеді. Екінші таймда Абылайхан Жұмабек командасының екінші голын соқты.

"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының он төртінші турында "Қызыл-Жарды" қабылдады. Матч Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өтіп, 1:2 есебімен аяқталды. Ойынның 17-минутында Стефан Букорац есеп ашып еді, 47-минутта Дарко Зорич таразы басын теңестірді. Ал 93-минутта Евгений Козлов жеңіс голын соғып кетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу