"Астана" "Оқжетпесті" ірі есеппен жеңді

1258

Григорий Бабаян "Астананың" маңызды жеңісінен кейін мәлімдеме жасады.

"Астана" "Оқжетпесті" ірі есеппен жеңді Фото: prosports.kz

"Астана" бас бапкері Григорий Бабаян Қазақстан Премьер-Лигасының 18-туры аясында кейінге қалдырылған "Оқжетпеске" қарсы өткен кездесуге байланысты пікір білдірді. Бұл текетіресте елордалық футбол клубының ойыншылары жеңіске жетті.

Кездесу "Астана Арена" стадионында өтіп, 5:2 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды. Тіпті бірінші таймның өзінде көк-сарылар Абат Айымбетовтің дәл соққысы мен Марин Томасовтың дубльінің арқасында қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соқты. Кездесудің екінші бөлігінде көкшетаулық команда Алексей Татаев пен Самат Сәрсеновтің күшімен екі гол соққандарымен, есепті теңестіре алмады. Дегенмен "Астана" үш голмен шектеліп қалмады. 89-шы минутта Дембо Дарбо пенальтиді сәтті орындаса, қосымша уақытта Томасов хет-трик жасады.

Айта кетейік, Томасовтың екінші голы, сонымен қатар Сәрсенов пен Дарбоның голдары төреші белгілеген пенальтиден кейін соғылды.

– Бірінші тайм жақсы болды. Әсіресе, алғашқы 30 минут. Біз үш гол соқтық. Әрине, жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты құрамды үнемі ротациялауға тура келеді. Үш күннен кейін тағы бір ойын бар. Бізге ойыншыларымыздың сергек болғаны қажет. Алғашқы 30 минутта-ақ 70-80 пайызға матч тағдыры шешіліп қойды. Екінші таймда біз үшін ойын аяқталды деп ойладық және өте нашар ойнадық. Соңында бірнеше гол соққанымыз жақсы болды. Жалпы, нәтиже жаман емес. Ең бастысы, біз жеңіске жеттік және чемпиондық үшін күресті жалғастыра береміз.

– Неліктен команда әр матчта дерлік екінші таймда босаңси бастайды?

– Бұл матчты еурокубок матчтарымен салыстыруға болмайды. "Тобылмен" өткен ойында соңына қарай жақсы қимылдадық. Бүгін де солай. Мен бұған дейін басқа командалармен салыстырғанда 15 матч көп ойнағанымызды айттым. Сонымен қатар ұзақ уақыт жол жүру де өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ бұл ақталу емес. Екі күннен кейін Ақтөбеге ұшамыз. Онда бізді айтулы қарсылас күтіп тұр.

– Соңғы кездері барлығы үш орталық қорғаушы шығарып үйреніп қалғанымен, бүгін ойын схемасы 4-4-2 сияқты. Неліктен сіз бұл схемаға тоқталдыңыз?

– Менің ойымша, "Лудогорецпен" өткен матчтың өзінде біз үш орталық ойыншымен ойнағанымызбен, бүгінгіден әлдеқайда көп мүмкіндіктерге ие болдық. Бүгін қорғаныста қаншама қателік жібергенімізді байқадым. Есеп 3:2 болғанда, қорғаныс мықты болу үшін үш қорғаушы схемасына ауысып үлгердік.

– "Ордабасы" үш ұпай алға шыққанымен, барлығы сіздің нәтижелеріңізге байланысты емес. Әркімнің өз ойыны маңыздырақ екені анық. Дегенмен, маусымның соңында сіздің командаңыз бәсекелестердің матчтарын қаншалықты талқылайды?

– Қазір жігіттер матчты теледидардан көріп отыр. Әрине, барлығы "Мақтааралдың" ұпай жинайтынын күтеді. Қалай болғанда да қалған үш кездесуде жеңіске жетуіміз керек және өз ойынымызға баса назар аударуымыз қажет.

– Жанкүйерлер маусымның соңында қандай нәтиже күтеді?

– Әр матч біз үшін өте маңызды екенін айттым. Біз қазір "Ақтөбемен", сосын "Виктория Пльзеньмен" өтетін кездесу туралы ойлаймыз. Еурокубок ойындарын құрбан ете алмаймыз. Өйткені жанкүйерлер бізді көруге келеді және олардың стадионнан көңілі толмай кеткенін қаламаймыз.

– Соңғы турда "Ордабасыны" жеңгендеріңіз жергілікті жастарға деген сеніміңізді нығайтты ма? Олардың үлкен матчтарда да ойнап, нәтижеге қол жеткізуіне сенім арта аласыз ба?

– Мен жас ойыншыларға ешқашан күмән келтірген емеспін. Олар үнемі бізбен жаттығады. Жігіттер дайындалуда. Бірақ олардың ҚПЛ-да тұрақты ойнауға әлі дайын емес екенін түсіну керек. Ал ҚПЛ мен бірінші лиганың айырмашылығы зор.

Осы турдан кейін "Астана" 49 ұпай жинады. Осылайша елордалықтар біріншілік көшбасшысы "Ордабасыны" қуып жетті. "Оқжетпеске" келсек, 22 ұпайы бар клуб 12-орында қалды. Чемпионат қорытындысы бойынша көкшетаулық команда жоғарғы дивизионнан шығып қалуы бек мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу