Astana – Premier Tech Джиро д’Италияда жеңіске жетуді көздейді

1244

Astana - Premier Tech командасы 8-мамырда Туринде 104-ші мәрте өтетін "Джиро д'Италия" суперкөпкүндік жарысына қатысатын шабандоздар тізімін жариялады.

Astana – Premier Tech Джиро д’Италияда жеңіске жетуді көздейді

Мықты әрі жігерлі Александр Власов сияқты көшбасшы ("Париж-Ниццада" екінші орын және осы маусымда "Альпі турында үшінші орын) және Испания чемпионы Луис Леон Санчес пен Горка Исагирре сияқты тәжірибелі шабандоздардардан құралған қазақстандық-канадалық команда құрамасы италиялық Гранд-турдың жалпы есебі бойынша және жекелеген кезеңдерде жеңіске жетуді көздейді.

Власов, Санчес пен Исагирреден басқа "Джиро д'Италияға" қатысатын шабандоздар тізімінде Фабио Феллине, Харольд Техада, Маттео Собреро, Вадим Пронский және Самуэле Батистеллалар бар.

"Александр Власов - біздің бұл жарыстағы сөзсіз көшбасшымыз және ол "Джиро д'Италияның" жалпы есебінде жоғары орынға ие болу үшін сынға түседі. Команда оған барынша қолдау көрсетуге дайын. Біз "Альпі турында" оның бабының жақсарып келе жатқанын байқадық. Сондықтан ол "Джироның" фавориттерінің бірі бола алатынына сенімдімін. Власов сол үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ, сонымен қатар біздің құрамда белгілі бір кезеңдерде сынға түсетін мықты және тәжірибелі шабандоздар да  бар. Мен, ең алдымен, Луис Леон Санчес пен Горка Исагирра туралы айтқым келеді. Бұл Гранд-турларда жеңіске қалай жетуді білетін екі шабандоз. Екеуі де бабында және командаға жоғары нәтиже әкелуге дайын. Әрине, жалпы есеп біздің жарыстағы басымдылығымыз болып табылады. Бірақ сонымен қатар біздің шабандоздардың кез-келген кезеңде жеңіске жету үшін күресе алатынын білеміз. Фабио Феллине мен Самуэле Батистелла кішігірім пелотоннан спринтке қатыса алады. Маттео Собреро уақытқа арналған жарыстарда өзінің қандай дәрежеде екенін көрсетті. Сондықтан олар жарысты Туриннен жақсы бастайды деп ойлаймыз. Бізді тағы бір қиын "Джиро д'Италия" велододасы күтіп тұр. Жарыста мықты көшбасшылары бар мықты командалар көп болады. Бірақ мен Astana - Premier Tech-тың бұл сынаққа дайын екендігіне сенімдімін және біз осы жарыста жоғары нәтижеге жету үшін барымызды саламыз", - деді команданың спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

"Джиро д'Италия" Туринде қысқа және жылдам жекелей жарыспен басталып, Миланда маусымның алғашқы Гранд-Турының жаңа жеңімпазы анықталатын тағы бір жекелей жарыспен аяқталады. Екінші кезеңде денсаулығына байланысты өткен маусымда "Джирода" сәтсіз дебют жасағаннан кейін Александр Власов биылғы италиялық суперкөпкүндікте жақсы нәтиже көрсетуге тырысады.

""Джиро-2020-да" көп ұзамай екінші кезеңнен кейін жарыстан шығып қалған соң, өзімді Италияда аяқталмаған жұмысым бар сияқты  сезінемін. Сондықтан осы жарыстағы алғашқы толыққанды дебютімді асыға күтемін. Мен "Джироны" басталған сәттен бастап, соңына дейін жүріп өтіп, әр кезеңде барынша жоғары нәтиже көрсетуді армандаймын. Жарыс басталар алдында өзімді өте жақсы сезінемін. Сондықтан жалпы есеп үшін күресемін деп үміттенемін. Бірақ, жарысқа қатысатындардың тізімінде мықты және тәжірибелі шабандоздардың көп екенін де білемін. Сондықтан сайыс өте қиын болады. Бұл жарыста күн сайын өз нәтижемді жақсартып, командаластарымның қолдауымен, жазық аймақта өтетін кезеңдерде және таулы аймақта да өзімнің бар күшімді саламын деп жоспарлап отырмын. Миланда өтетін жарыстың финалында қайда болатынымды көре жатармыз", - деді Александр Власов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу