"Адриатика-Ионика" үшінші кезеңмен аяқталды. Жарыс жолының бір бөлігінде ақ қиыршық тас төселген. Тас жолдың қиындығына қарамастан кезең спринтпен аяқталып, Элиа Вивиани жеңіске жетті. Ал Astana – Premier Tech шабандозы Давиде Мартинелли үшінші орын иемденді.
Қорытынды жалпы есепте италиялық Лоренцо Фортунато жеңімпаз атанды. Мерхави Кудус одан екі секундқа, ал Вадим Пронский алты секундқа қалып қойды.
"Мен үшін бұл жақсы кезең болды деп ойлаймын және командаластарымның арқасында жарысты еш қиындықсыз жүріп өттім. "Джиро д'Италияда" қиыршық тасты жолдармен жүріп өту бойынша құнды тәжірибе жинадым және сол тәжірибемді бүгін қолдандым. Үнемі алға озып, жарысты өз бақылауымда ұстауға тырыстым. Мен үшін бәрі ойдағыдай өтті. Нәтижесінде жалпы есепте ешнәрсені өзгертуге мүмкіндік болмады. Дегенмен кәсіби мансабымдағы алғашқы жүлдеме және ең үздік жас шабандоздың ақ жейдесін иеленгеніме қуаныштымын. Шынымды айтсам, кезең басталар алдында мен осы жарыста жеңіске жету үшін күресуге бел будым. Кеше де бар күшімді салдым. Жеңіске жету үшін 200 метр ғана жеткіліксіз болды. Мен үшін бұл тек бастамасы екеніне сенімдімін және келесі жолы мақсатыма жетемін. Сонымен, жалпы алғанда жарыс мен үшін жақсы өтті, жақсы нәтижеге жеттім. Енді мені ұзақ дайындық кезеңі және Олимпиада ойындарына дайындық күтіп тұр", - деді Вадим Пронский.
"Алты қиыршық тасты аймаққа байланысты бүгінгі жарыс өте қиын болды. Бірақ Никита мен Давиде Вадимді және мені жақсы қорғады. Бұл мен үшін жақсы тәжірибе болды. Бұл екінші рет қиыршық тасты жолдармен жүріп өтуім. Бірақ, қуанышқа орай бәрі қиындықсыз өтті. Біздің команда барлық кезеңдерде алда болды және жалпы есепте екінші, үшінші орындарды сенімді қорғадық. Бабыма көңілім толады. Енді келесі аптада Эритрея чемпионатында жақсы өнер көрсетуге дайындалып жатырмын", - деді Мерхави Кудус.