Astana - Premier Tech шабандоздары "Арденн классикасына" қатысады

1166

Биыл 2019-жылғы "Льеж-Бастонь-Льеж" жеңімпазы Фульсанг екі жыл бұрын үш Арденн жарыстарының жеңіс тұғырына көтерілген кездегі жетістігін қайталауға тырысады.

Astana - Premier Tech шабандоздары "Арденн классикасына" қатысады

Дат шабандозы Якоб Фульсанг өзінің биылғы маусымдағы алғашқы үлкен мақсаты – "Арденн классикасы", "Амстел Голд Рэйс", "Флеш Валлонь" және "Льеж – Бастонь – Льеж" веложарыстарына біртабан жақындады. Бұл әлемдегі бес монументалды классикалық жарыстардың қатарына кіреді.

"Барлығы білетіндей, Арденн классикасы маусымның алғашқы жартысындағы менің ең үлкен мақсатым. Сонымен қатар олар менің ең сүйікті жарыстарым. Менде Арденн велододаларынан жақсы естеліктер қалды. Алғашқы монументалды классикалық жарыстағы жеңісім де сол болатын. Барлық үш жарыс жолы, әсіресе қазіргі "Амстел Голд Рэйс" менің ыңғайыма жақсы келеді. Бабымдамын деп ойлаймын. Өткен аптада "Баск елдерінің туры" мен үшін классикалық жарыстарға дайындықтың соңғы кезеңі болды. Біздің команда соңғы жарыста маусымның алғашқы екі жеңісіне қол жеткізді. Бұл бізге қосымша жігер және күшімізге деген сенімділік береді", - деді Фульсанг.

"Бельгия мен Голландияда өнер көрсететін шабандоздар құрамы өте мықты. Маған өршіл әрі мықты команда қолдау көрсететініне қуаныштымын. 2019-жылдағы жетістікті қайталап, жеңіс тұғырына көтерілсем тамаша болар еді. Мен жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін және соңғы бірнеше айда мені қолдап келген отбасымның маған деген сенімін ақтау үшін барымды саламын", - деп қоса кетті Якоб.

Арденн апталығы Валькенбург маңында голландиялық "Амстел Голд Рэйс" велододасымен басталады. Жарыс бағыты COVID-19 пандемиясына қатысты шектеулерге байланысты өзгертілді. Бірақ мәре бұрынғыдай, 216 шақырымнан кейін Берг-ан-Терблиджт қаласында өтеді.

Ал екі күннен кейін Бельгияда әйгілі "Флеш Валлонь" жарысы басталады. Велобәйге қысқа, бірақ аса тік  орналасқан Мур-де-Юи асуында мәресіне жетпек. Жарыс жолының ұзақтығы 192 шақырымды құрайды.

Арденн апталығы Әлемдік Турдың ең көне біркүндік жарысы - маусымның үшінші монументалды классикалық жарысы "Льеж - Бастонь - Льежбен" аяқталады. 260 шақырым жарыс жолы мен 11 тік асу әдеттегідей бұл велододаны расымен де қиындатады және қызықты етеді.

"Осы апталық алдында команданың бабы жақсы.  Көптеген шабандоздар бұл жерге соңғы жаттығулары өткен "Баск елдерінің турынан" кейін келеді. Онда біз екі жеңіске жеттік. Бұл бізге сенімділік береді. Арденн апталығына өте мықты шабандоздар құрамымен келдік деп ойлаймын. Жігіттердің әрқайсысы жоғары нәтиже үшін 100% барын салуға дайын. Екі жыл бұрын біз мұнда айтарлықтай жетістікке қол жеткіздік және сол жетістікті қайталағымыз келеді", - деді команданың спорт менеджері Дмитрий Фофонов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу