"Astana - Premier Tech" шабандоздары "Милан - Сан-Ремо" велододасына қатысады

1206

"Astana - Premier Tech" командасы маусымның алғашқы монументалды классикалық жарысы "Милан - Сан-Ремоға" жігерлі әрі тәжірибелі шабандоздар құрамымен аттанады. Жарыста Алекс Аранбуру мен Фабио Феллинне капитандық міндеттерін атқаратын болады.  

"Astana - Premier Tech" шабандоздары "Милан - Сан-Ремо" велододасына қатысады

"Милан-Сан-Ремо", "Ла Классичисма" немесе "Ла Примавера" - бұл велоспорт күнтізбесіндегі бес монументалды жарыстардың алғашқысы. Сонымен қатар, 298 шақырымдық жарыс жолы – бұл әлемдегі ең ұзақ бір күндік веложарыс болып табылады.

Өткен жылы Аранбуру "Милан - Сан-Ремода" дебют жасап жетінші орынға ие болды. Биыл ол бұл нәтижені жақсартуға тырысады.

"Мен "Милан - Сан-Ремоның" басталуын асыға күтемін. Былтыр жетінші нәтиже көрсеткеннен кейін жарыстан тамаша естеліктер қалды. Бұл керемет велодода, тарихы тереңде жатқан монументалды "классика". Сондай-ақ өте қарқынды жарыс. 298 шақырым бойы барынша мұқият болу керек. Мен топтың көшбасшысы болу құрметіне ие болғанымды мақтан тұтамын және сенбі күні бар күшімді салуға тырысамын. Қазіргі таңда өзімді жақсы сезінемін. Маусымды алғашқы "классикалық" жарыстармен және "Тиррено – Адриатикомен" жақсы бастадым. Бізде өршіл және мықты құрам бар. Сондықтан жолымыз болады деп сенемін. Тағы да алғашқы ондық қатарында жақсы нәтижеге қол жеткізсем тамаша болар еді", - деді Алекс Аранбуру.

Бірнеше күн бұрын "Тиррено-Адриатиконың" бесінші кезеңін керемет өткізген Фабио Феллине өз жетістігін "Милан-Сан-Ремода" жалғастыруға дайын.

""Милан - Сан-Ремо" - менің сүйікті жарыстарымның бірі. Италиялық ретінде мен үшін маусымның алғашқы монументалды жарысы ерекше оқиға. Бұл велододаға "Тирренода" жақсы нәтиже көрсеткеннен кейін бара жатырмын. Өзімді өте жақсы сезінемін. Бірақ, әрине, жарыс жолына көптеген мықты шабандоздардың шығатынын білемін және оған оң көзқараспен қараймын. Дегенмен, ең жақсы нәтижеге жету үшін барымды саламын. Чипресса мен Поджиода көшбасшылар тобымен бірге жарыстың финалына дейін жетсем, тамаша болар еді. Егер команда маған мүмкіндік берсе, өзімді көрсетуге тырысамын", - деді Фабио Феллине.

Өкінішке орай, "Париж – Ниццаның" соңғы кезеңінде құлаған команда көшбасшыларының бірі Алексей Луценко "Милан - Сан-Ремоға" қатыса алмайды. Луценко ауыр жарақаттар алған жоқ. Алайда бельгиялық классикалық жарыстар қарсаңында толық қалпына келу үшін Алексей бірнеше күн жаттығуларға қатыспайды.

"Таяуда маусымның алғашқы монументалды жарысы өтеді. Әрине, бұл ерекше күн. Алексей Луценконың жарыс жолына шыға алмайтыны өкінішті. Бірақ оның бұрынғыдан да мықты болып оралатынына сенімдімін. Қалай болғанда да біздің қомандада Алекс Аранбуру сияқты мықты көшбасшы бар. Ол өзінің бабының қандай екенін Бельгияда да, "Тиррено-Адриатикода" да көрсетті. Өткен жылы ол осы жарыста жетінші орын алды. Сондықтан команда сенбі күні оған тағы да қолдау көрсетуге дайын. "Тирренода" жақсы өнер көрсеткен Фабио Феллине де өз-өзін көрсете алады. "Ла-Примавера" - өте қиын және ұзақ жарыс. Күшімізді дұрыс пайдаланып, жарыстың соңына дейін мұқият болу керек. Әдеттегідей, басты оқиғалар Чипресса мен Поджиода өрбуі мүмкін. Онда шабандоздар жеңіске жетеді немесе жеңіледі", - деді команданың спорт директоры Стефано Занини.

Команда құрамы: Алекс Аранбуру (Испания), Мануэле Боаро (Италия), Фабио Феллине (Италия), Дмитрий Груздев (Қазақстан), Горка Исагирре (Испания), Давиде Мартинелли (Италия), Маттео Собреро (Италия).

Спорт директорлар: Джузеппе Мартинелли (Италия), Стефано Занини (Италия).

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу