Елордалық велоклуб сапына қосылған алты шабандоз келісім-шартқа байланысты өз пікірлерін айтты.
Самуэле Баттистелла, 2019-жылғы жастар арасындағы Әлем чемпионы, екі маусымды "Астанада Premier Tech" командасында өткізеді:
- Команда сапына қосылғаныма өте қуаныштымын. Мен велосипед тебуді бастағаннан бері "Астана" әрқашан үздік командалардың бірі болып келеді. Ал енді келесі екі маусымда осы командада болатыным қандай тамаша! Мұнда көптеген мықты шабандоздар өнер көрсетеді. Әрине, бұл жобаның тәжірибесі мол. Қазіргіден де жақсы және мықты болу үшін көп нәрсе үйренуге болады деп ойлаймын. Менде келесі маусымға арналған нақты бір мақсат жоқ. Бабымды жақсартқым келеді. Сондықтан жарыстарда осы керемет команданың әрбір сәтінен рахат ала отырып, 110% барымды салатын боламын.
Стефан де Бод команда құрамында 2021-2022 жылғы маусымдарда болады:
- Мен "Astana - Premier Tech" командасына қосылғаныма өте қуаныштымын. Нео-про ретінде өткен екі маусым мен үшін өте қиын болды. Мен Оңтүстік Африкадан келгендіктен, 2019-жылы визалық мәселелер туындады. Ал 2020-жыл пандемияға байланысты бәріне қиын болды. Бірақ, қазір осы мәселелердің артта қалғанына қуаныштымын. Маған берілген мүмкіндікке алғысым шексіз және велосипед әлемінде өзімді көрсету үшін осы мүмкіндікті сәтті пайдаланғым келеді. Бұл командада көптеген керемет шабандоздар бар. Ұжым жоғары кәсіби деңгейде жұмыс істейді. Сондықтан үздіктерден үйрену үшін командамен бірге жұмыс істеуді асыға күтемін.
Андреа Пикколо алдағы екі маусымда "Астана - Premier Tech" командасында өнер көрсетеді:
- Мен алдағы екі маусымда осы команданың жейдесін кие алатыныма қуаныштымын. Бұл нағыз бақыт. Мен үшін үлгі болатын жаңа командаластарымнан тәжірибе жинап, көп нәрсе үйренгім келеді. Осындай шабандоздармен қатар өнер көрсету және осы команда сапында болу - үлкен мәртебе. Жаңа командаммен алғашқы кездесуді асыға күтемін. Өзімді жақсы жағынан көрсеткім келеді.
Бен Перри, 2021 жылға келісім-шартқа қол қойды:
- Біріншіден, мен 2021-жылы "Астана Premier Tech-ке" ауысқаныма өте қуаныштымын. Әлемдегі ең әйгілі жарыстарда осындай орасан зор тарихы бар командамен бірге бақ сынауды асыға күтемін. Тезірек өз мүмкіндіктерімді көрсеткім келеді. Басты мақсатым кез-келген жарыста команда үшін лайықты шабандоз екенімді дәлелдеу. Сондай-ақ, осындай дәрежеге жетуіме маған көмектескендердің барлығына: Санта-Катарина велоклубына, Ұлттық Гамильтон велорталығына, достарыма, отбасыма және осы жылдар бойы мені қолдап, көмек көрсеткен барлық адамдарға алғыс айтамын. Сонымен қатар, осындай мүмкіндік бергені үшін "Astana - Premier Tech" командасына көп рахмет.
Хавьер Ромо, жастар арасында Испания чемпионы, қазақстандық-канадалық команда құрамында 2023-жылға дейін болады:
- Мен осы команданың мүшесі болғаныма өте қуаныштымын. Маған осындай мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз. Енді осы сенімді ақтау үшін бар күшімді салғым келеді. Мен бұл қадамды Әлемдік турда командаға жеңіске жетуге көмектесу арқылы жасай аламын деп үміттенемін. Командаға қосылатын сәтті асыға күтемін.
Маттео Собреро бір жылдық келісім-шартқа отырды:
- Келесі маусымда "Астана Premier Tech-тің" құрамында болу сондай керемет. 2020-жылы жаһандық пандемия мен күнтізбеміздегі өзгерістерге қарамастан мен үшін жақсы жыл болды. Шабандоз ретінде алға қадам басып, тәжірибе жинадым. Осындай тамаша шабандоздармен бірге командалық мақсаттарға қол жеткізетін сәтті асыға күтемін. Бұл мен үшін қазіргіден де жақсырақ және мықты болу үшін тамаша мүмкіндік.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін шет елден келген алты шабандоздан бөлек елордалық велокоманда екі қазақстандық жас шабандозбен - Евгений Федоров (20 жаста) және Глеб Брусенскиймен (20 жаста) келісім-шартқа отырғандығын хабарлаған болатын. Екі шабандоз да ең алдымен бір күндік классикалық жарыстарда өздерін көрсете алды.
Сондай-ақ, команда алты қазақстандық шабандозбен келісім-шарттардың ұзартылғандығын хабарлады: Евгений Гидич, Дмитрий Груздев, Юрий Натаров, Вадим Пронский, Никита Сталнов және Артём Захаров.
Федоров, Брусенский және Пронскиймен келісімдер алдағы екі жылға есептелген. Ал Гидич, Груздев, Натаров, Стальнов және Захаровпен келісім-шарттар 2021-жылға ұзартылды. Сегіз қазақстандық шабандоздың барлығы бір күндік және көпкүндік жарыстарды өздерінің басты мақсаттары деп санайды.
Ермұхамед Мәулен