"Astana Pro Team" командалық есепте жеңіске жетті

1356

35-мәрте ұйымдастырылған италиялық Коппи мен Бартали апталығы бүгін 4-кезеңнен кейін мәресіне жетті. Бұл жарыста елордалық велокоманда да бақ сынады.

"Astana Pro Team" командалық есепте жеңіске жетті

166.2 шақырымға созылған жарыстың соңғы кезеңі Форли маңында өтті. 32 шабандоздан тұратын топ спринтте жеңіс үшін өзара таласқа түсті. Нәтижесінде голландиялық велошабандоз Паскаль Энкорн жеңімпаз атанды. Мерхави Кудус, Йонас Грегаард және жас қазақстандық кәсіпқой шабандоз Вадим Пронский жарысты көшбасшы топта, жеңімпаздармен бірге аяқтады.

Төрт кезең қорытындысы бойынша "Astana Pro Team" командалық есепте Коппи мен Бартали апталығының жеңімпазы атанды. Ал бас классификация бойынша Мерхави Кудус 8-нәтиже көрсетіп, көпкүндікті он үздіктің қатарында аяқтады.

"Жалпы велодода жақсы өтті. Біздің бұл жарыста нақты бір мақсатымыз болды деп айта алмаймын. Бұл шабандоздарымызға алда өтетін сайыстарға жаттығу және бабын жақсарту үшін дайындық болды. Енді Фабио Феллине Тиррено-Адриатико жарысына қатысады. Ал одан кейін Джиро д’Италия-ға да баруы мүмкін. Мерхави Кудус жалпы есеп бойынша біздің топтың көшбасшысы болды. Нәтижесінде жарысты он үздіктің қатарында аяқтады. Мұнда Мерхавидің ыңғайына жақсы келетін қиын таулы кезеңдер болған жоқ. Себебі ол таулы аймақтың шабандозы. Иә, мұнда тау да, асулар да болды. Бірақ, жарыс жолының финалдық бөлігі ылғи да жазық аймақта өтті. Менің осы көпкүндікке қатысқан жас қазақстандық шабандоз Вадим Пронскийге көңілім толды. Бұл оның өте ауыр ота жасатқаннан кейінгі алғаш рет қатысқан велододасы. Ол тек алдыңғы қатарда болуға тырысты. Әсіресе бүгін асулар мен жеті айналым бар қиын кезеңді жақсы жүріп өтті. Бұл шабандоз біздің болашағымыз. Келесі жылы бас классификацияда ол біздің жеңіске деген үміткеріміз болады", - деп спорттық директор Александр Шефер жарысты қорытындылады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу