"Астана Про Тим" тағы да виртуалды жарысқа қатысады

1821

Қазақстандық "Астана" велоклубы виртуалды "Тур де Франс" көпкүндігіне қатысатынын ресми түрде мәлімдеді.  "Үлкен Күрмеудің" виртуалды нұсқасы осы аптада, 4-шілде күні басталады.

"Астана Про Тим" тағы да виртуалды жарысқа қатысады

Сенбіде басталатын дода алты кезеңнен тұрады. Велошабандоздар 19 шілдеге дейін өзара мықтыны анықтайды. Жарыс ережесі бойынша бір кезеңге әр командадан 4 спортшыдан қатыса алады. Сайыста тау классификациясы, спринтерлік классификация бойынша үздік шабандоздар анықталып, ал жалпы жеңіс командалық есепте ең жоғарғы нәтиже көрсеткен велоклубқа бұйырады. Қазіргі таңда веложарысқа барлығы 39 команда тіркелген.

Естеріңізге сала кетсек, нағыз "Тур-де Франс" Гранд-туры 2020 жылдың 29 тамыз – 20 қыркүйек аралығында өтеді деп жоспарланған. "Астана" үшін бұл осы маусымдағы екінші виртуалды көпкүндік. Мамыр айында елордалық велоклуб Giro d'Italia-да жеңіске жеткен. Ал нағыз Джиро 9-31 мамырға жоспарланғанмен, коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Енді италиялық суперкөпкүндік 20-27 қыркүйек Швейцарияда тас жолдағы велоспорттан өтетін Әлем чемпионатынан кейін ұйымдастырылады.   

Қазақстандық велоклубтың шабандоздары екінші вируталды жарыста да жеңіске жетуді көздеп отыр. Сәрсенбі күні "Астана Pro Team" көшбасшыларының бірі Мигель Анхель Лопес Velomotion.de басылымына берген сұхбатында  пандемияға байланысты үзілісте жаттығуларды қалай өткізетіні және алда өтетін сайыстарға дайындық жұмыстарын қалай өткізіп жатқаны туралы әңгімелеген болатын.

"Мені жігерлендірген отбасым. Біз бірге Колумбияда болдық. Сонымен қатар командам да мен үшін маңызды. Уақыт айырмашылығына қарамастан ылғи байланыста болдық. Бапкерлер жаттығудың жоспарын жіберіп отырды. Спорттық директорым және әріптестеріммен де байланыс үзілген жоқ. WhatsApp-тың арқасында ешқандай мәселе туындаған жоқ", - деді шабандоз. Сонымен қатар Лопес тамыз айының соңында өтетін нағыз "Тур де Франста" команда капитаны болады.

Ермұхамед Мәулен


 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу