Осы аптада атақты "Тур де Франс" Гранд-туры басталуы тиіс болатын. Алайда коронавирус пандемиясы спортқа да өз әсерін тигізбей қоймады. Соған байланысты жарыстың ұйымдастырушылары көпкүндікті виртуалды форматта ұйымдастырып, жарыс 4 шілде күні басталған. Сенбі күні өткен алғашқы кезеңнің ұзақтығы 36,4 шақырымды құрады. Сайыстың бірінші күні елордалық команда атынан Никита Стальнов, Горка Исагирре, Даниил Фоминых және Евгений Гидичтер жарыс жолына шықты. Нәтижесінде "Астана Про Тим" велесебшілері арасынан Исагирре үздік нәтиже көрсетіп, ТОП-25 қатарынан табылды. Велотренажерларда өткен жарыс барысында нағыз велодода сияқты, аралық спринтте және тау финишінде бірнеше мәрте шабуылдар орын алды. Горка Исагирре көшбасшылар тобында өте белсенді өнер көрсетіп, финалдық шақырымдарға дейін алдыңғы қатарда болды. Бірақ жарыс тағдыры спринтте шешілді.
Ал жексенбі, 5 шілде өткен көпкүндіктің 2- кезеңінде шабандоздар барлығы 29,5 шақырымды бағындырып, жарыс жолының ортасында таулы аймақтар да кездесті. Қазақстандық команда атынан сайысқа Юрий Натаров, Лауренс Де Вриз, Мануэле Боаро және Уго Ульдер қатысты. "Астана Про Тимнен" Уго Уль үздік нәтижеге қол жеткізіп, кезең жеңімпаздарымен қатар мәреге келді. Жарыс басталысымен алғашқы шақырымдардан-ақ елордалықтардан Мануэле Боаро белсенділік танытты. Кейінірек көшбасшылар қатарына Юрий Натаров қосылды. Шыңға бет алғанда велесебедшілер бірнеше топқа бөлініп кетті. Нәтижесінде француздық көпкіндіктің екінші кезеңін Trek-Segafredo командасының өкілі Жульен Бернар жеңіп алды. 2-орынды аустралиялық Фредди Оветти еленсе, 3-орын Cofidis командасының велошабандозы Николя Эдеге бұйырды.
Виртуалды "Тур де Франс" жарысында жалпыкомандалық есеп бойынша "Астана Про Тим" әзірге 17-орында. Осы аптаның демалыс күндері көпкүндіктің 3-4 кезеңдері өтеді.
Ермұхамед Мәулен