Коронавирус пандемиясына байланысты "Джиро д’Италия-2020" жарысы виртуалды форматта өтті. Виртуалды велодода жеті кезеңге ұласты. 18-сәуір мен 10-мамыр аралығында сайысқа түскен шабандоздар нағыз "Джироның" кезеңдерін велотренажерларда жүріп өтті. Қазақстандық команданың велесебедшілері жеті кезеңнің алтауында жүлделі орындарға ие болды. Алексей Луценко алғашқы кезеңде, ал, дат шабандозы Якоб Фульсанг 6-кезеңде жеңіске жетті. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде "Астана Про Тим" командалық есепте 1-орынға ие болды.
Виртуалды жарыс бағыты биылғы жылы өтуі тиіс Гранд-турдың кезеңдерімен бірдей болды. Торторетодан басталған вируталды сайыс 15 шақырымдық жекелей жарыспен Миланда мәресіне жетті. Көпкүндіктің соңғы кезеңінде елордалық команда атынан сынға түскен Давиде Мартинелли 4-орын, ал Мануэле Боаро 5-орынға ие болды. Сонымен, алғаш рет виртуалды форматта өткен "Джиро д’Италия" веложарысының 7-кезеңін елордалық команда 12 сағат 23 минут 15 секундта жүріп өтті. "Астана Про Тимнен" 49 минут 57 секунд уақыт айырмашылығымен "Jumbo-Visma" велоклубы жалпы есепте 2-орынға ие болса, ал "Androni Giocattoli-Sidermec" үздік үштіктің қатарынан табылды.
"Бұл виртуалды веложарыс болса да, жалпы есепте жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Алғашқы кезеңде қызғылт жейдені жеңіп алдық. Басымдылығымызды соңғы кезеңге дейін сақтап қалдық. Әрине, тас жолда өтетін "Джиродағыдай" емес. Кезеңдер өте қысқа болды. Бірақ, оған қарамастан жарыс қызықты өтті әрі бұл біз үшін жаттығу болды. Команда болып бірге жұмыс атқардық. Әріптестерім мен бапкерлеріміз WhatsApp тобымызда қолдау көрсетіп отырды. Біз үшін жақсы тәжірибе болды", - деді "Астана Про Тим" шабандозы Якоб Фульсанг.
Нағыз "Джиро д’Италия" тас жолдағы велоспорттан Швейцарияда Әлем чемпионаты аяқталған соң өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Ермұхамед Мәулен