Велокоманданың менеджерлері мен дәрігерлерінің кеңесінен кейін "Астана Про Тим" уақытша ешқандай жарысқа қатыспайды деген шешімге келді.
- Біз шабандоздарымыз бен команда қызметкерлерінің денсаулығын сақтап қалу үшін осындай қадамға бардық. Сонымен қатар вирустың одан әрі таралмауы үшін жауапкершілікті өз мойнымызға алып отырмыз. Әрине, барлық жарыстарға қатысқымыз келеді. Дегенмен, қазіргі таңда ең бастысы бұл қауіпсіздік. Алда бізді маңызды жарыстар мен ұзақ маусым күтіп тұр. Мұндай шешім қабылдау қиынға соқты. Алайда, біз велокоманданың мүшелерін, сондай-ақ өзіміздің отбасыларымызды да қорғауымыз керек, - деді бас менеджер Александр Винокуров.
Команда басшылығының соңғы шешіміне байланысты енді "Астана Про Тим" алда өтетін "Страде Бьянке", "Париж – Ницца" және "Тиррено – Адриатико" велододаларына қатыспайды.
Ермұхамед Мәулен