Валерио Конти (28 жаста) 2014 жылы кәсіби велоспортқа ауысты және әлемдік турда өткізген сегіз жыл ішінде өзін таулы аймақта өтетін жарыстардың және біркүндік жарыстардың мықты шабандозы ретінде көрсетіп, бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Конти кәсіби деңгейде өнер көрсеткен алғашқы жылы "Бруно Бегелли Гран-приін" жеңіп алды. Бір жылдан кейін "Жапония турының" кезеңдерінің бірінде жеңіске жетті. 2016 жылы "Испания Вуэльтасының" кезеңінің жеңімпазы атанды. "Президенттік Түркия турында" жалпы есепте екінші орынға ие болды және 2019 жылы "Трофео Маттеотти" веложарысын жеңіп алды. 2019 жылы Конти "Джиро д'Италияда" бес жарыс күнін көшбасшысының қызғылт жейдесінде өткізді.
"Джиро делл’Аппеннино" және "Лугано Гран-приі" веложарыстарындағы екі жүлделі екінші орын шабандоздың биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткіші болды.
"Келесі жылы "Astana Qazaqstan Team" командасына ауысатыныма қуаныштымын. Бұл керемет ұжым. Мен команда сапына қосылуды және мансабымдағы жаңа міндеттерді орындауды асыға күтемін. "Астана" – мықты халықаралық команда. Бірақ әрине, команда құрамында италиялық шабандоздардың көптігін көргеніме өте қуаныштымын. Бұл командаға тез бейімделіп кетуіме әлдеқайда жеңіл болады. Маусымның негізгі мақсаттарын әлі талқылау керек. Бірақ менің жеке тілегім – мүмкіндігінше жиі жеңіске жетуге тырысу", – деді Валерио Конти.
Антонио Нибали (29 жаста) Гранд турларда да, апталық жарыстарда да көшбасшылардың мықты көмекшісі ретінде танымал. Сонымен қатар Антонио көшбасшы топта үнемі белсенділік танытып, жеңіс үшін күресуге мүмкіндік іздейді. 2018 жылы ол "Аустрия турында" кезең жеңімпазы атанды. "Лугано Гран-приінде" мәреге 8-болып келді. Биылғы маусымда "Альпі турында" алтыншы және "Сицилия турының" қорытынды классификациясында 12-нәтиже көрсетті.
"Мен жаңа командамен кездесуді және жаңа маусымның басталуын асыға күтемін. "Astana Qazaqstan Team"-де уақытты жақсы өткізіп, командалық мақсаттарға қол жеткізу үшін сынға түсемін. Жарыстарда жеңіске жетуге тырысамын және көшбасшыларға барынша көмектесе аламын деп үміттенемін. Қызметкерлердің басым бөлігін және кейбір шабандоздармен таныс болғандықтан, командада керемет атмосфера болатынына сенімдімін. Соңғы екі жыл COVID-19 жағдайына байланысты қиын болды. Бірақ келесі маусымда біртіндеп бәрі 100%-ға оралады деп үміттенемін. Мансабымдағы жаңа сынаққа дайынмын. Бұл мен үшін маңызды өзгеріс. Сондықтан командаға бар мүмкіндігімді көрсете аламын деп үміттенемін", – деді Антонио Нибали.
"Біздің командаға екі мықты шабандоз келеді. Валерио да, Антонио да өте тәжірибелі шабандоздар. Олар үлкен турларға қатысқан. Осылайша шабандоздар суперкөпкүндікке дайындалатын біздің топты одан әрі нығайта алады. Сонымен қатар бұл жігіттер жеңіс үшін күресу тұрғысынан жақсы әлеуетке ие. Валерио Конти мұны бір күндік жарыстарда бірнеше рет дәлелдесе, ал Антонио Нибали көшбасшы топтағы белсенділігімен жақсы танымал. Сондықтан менің ойымша, олардың жекелей нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндіктері болады", – деді "Astana Qazaqstan Team" командасының бас менеджері Александр Винокуров.
Ермұхамед Мәулен