Жаңа команда "Astana Qazaqstan Team"-ның құрамында болады. Команданың 2022 жылғы жаңа маусымдағы басты мақсаттарының бірі Еуропадағы ең беделді жастар жарыстарында, сондай-ақ бірқатар кәсіби жарыстарда өнер көрсету. Осы орайда елордалық велоспорт командасының бас менеджері Александр Винокуров пікір білдірді.
"Велоспорт әлемі күн сайын жасарып келеді. Бұл жас дарынды шабандоздармен толыққанды жұмыс істеуді талап етеді. Сондықтан көптеген командалар өздерінің жастар командаларын жасақтады. Мен "Астана" жастар құрамасын ашуды көптен бері жоспарлап жүрдім. Енді клуб құрылымының ішінде 23 жасқа дейінгі шабандоздар командасын жасақтаймыз. Бұл ұлттық велоспорт жобасы ретінде жаһандық даму тұрғысынан алға жасалған маңызды қадам деп ойлаймын. Табысқа жетеміз деп сенемін. Осы жаңадан ашылған командамызға UCI лицензиясын алу керек. Сонда барып олар Еуропадағы жақсы деңгейдегі жарыстарға қатысып, өздеріне керемет жоспар құрады. Қазір он адамнан тұратын команда құру қарастырылып жатыр. Басымдық қазақстандық жігіттерге беріледі. Бірақ басқа елдерден бірнеше талантты шабандоздарды шақыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз мықты команда құруға талпынамыз. Шабандоздар тәжірибе жинақтап, бірте-бірте біздің негізгі командаға ауысады", – деді "Astana Qazaqstan Team"-нің бас менеджері Александр Винокуров.
Сонымен қатар Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов жастар командасының құрылуын қолдайтынын айтты.
"Astana Qazaqstan Team" құрамында жастар командасының құрылуын Қазақстан велоспорт Федерациясы да қолдайды. Бастапқыда "Астана" жобасы отандық жастар велоспортына серпін беру мақсатында құрылған болатын. Ал жаңа команданың көмегімен жас шабандоздар өте мықты жарыс күнтізбесі арқылы әлемдік тур деңгейіне дейін өсетін мүмкіндік алады", – деді Нұрлан Смағұлов.
Ермұхамед Мәулен