"Астана" шабандоздары "Джиро д’Италия" Гранд-турына қатысады

1362

Елордалық велоклуб шабандоздары суперкөпкүндіктің жалпы есебі бойынша жеңіске жетуді мақсат етіп отыр.

"Астана" шабандоздары "Джиро д’Италия" Гранд-турына қатысады

103-мәрте ұйымдастырылып жатқан "Джиро д’Италия" бүгін Сицилияның Палеромо қаласында 15 шақырымдық жекелей жарыспен басталады. Қазақстандық "Астана Про Тим" командасы Италиядағы Гранд-Турға тәжірибелі шабандоздармен қатар осы жарыста алғаш рет бақ сынайтын шабандоздарды да алып келді. Ал команданың көшбасшысы өте тәжірибелі дат шабандозы Якоб Фульсанг. Италиялық суперкөпкүндік оның осы маусымда ең басты мақсаты болып отыр. Оған "Мон-Ванту Челлендж" және "Джиро делл’Эмилия" жарыстарының жеңімпазы Александр Власов, команданың тағы бір көшбасшысы Мигель Анхель Лопес, тәжірибелі шабандоздардан Мануэле Боаро мен Фабио Феллине, сонымен қатар "Джироға" алғаш рет қатысатын Оскар Родригес, Йонас Грегаард Вилсли және Родриго Контрерастар көмектесетін болады.

Палермодан басталатын "Джиро д’Италия" Миландағы финишке дейін 3497 шақырымнан соң мәресіне жетіп, суперкөпкүндіктің қорытынды жеңімпазы анықталады.

"Ломбардия Туры 2020" веложарысының жеңімпазы Якоб Фульсанг "Джиро" көпкүндігінде алға қойған мақсаттарымен бөлісті:

"Мен Италияға келгеніме және осындай тамаша жарысқа қатысатыныма қуаныштымын! Барлығымыз үшін бұл маусым оңай болған жоқ. Соңғы сәтте шабандоздар құрамы да өзгерді. Бірақ, мұнда "Астананың" мықты команда екеніне сенімдімін. "Джироға" дайындық ретінде өткен "Тиррено-Адриатико" жарысында бірнеше күнді биікте өткіздім. Содан кейін біраз уақыт отбасыммен бірге болдым. Алдағы үш аптада 100 пайыз барымды салуға толықтай дайынмын. Бұл өте ауыр үш жарыс аптасы болайын деп тұр. Себебі мұнда ең мықты шабандоздар келген. Олардың әрқайсысы жарыстың алғашқы күнінен бастап-ақ жеңіске жету үшін таласқа түседі. Қалай өтетінін алдағы уақытта көре жатармыз. Бірақ, әрине барынша жақсы нәтиже көрсету үшін әрбір мүмкіндікті пайдалануға тырысамын. Өте мықты командамның көмегімен ең жоғарғы жетістікке қол жеткізе аламын деп ойлаймын".

2018-жылы өткен "Джиро д’Италия" жарысында жалпы есепте 3-орын иеленген, былтыр осы жарыста үздік жас шабандоз атағын жеңіп алған және биылғы "Тур де Франста" патшалық таулы кезеңді жеңіп, жалпы есепте 6-нәтиже көрсеткен "Астана Про Тимнің" тағы бір көшбасшысы Мигель Анхель Лопес Италияға Якоб Фульсангқа Гранд-Турдың бас классификациясында жетістікке жету үшін көмектесетін болады. Одан бөлек Лопес осы жарыста кезеңдердің бірінде жеңіске жету үшін талпынып көреді. Александр Власов "Джирода" үздік жас шабандоздың ақ жейдесін иелену үшін сынға түседі.  

Қалай болғанда да "Астана Про Тимнің" "Джиро д’Италиядағы" ең басты мақсаты Якоб Фульсангқа жалпы есепте жүлделі орын иелену үшін көмектесу.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу