"Астана" шабандозы "Бургос Вуэльтасында" үшінші орынға ие болды

1502

Таяуда ғана Испания полициясы допинг дауына қатысы бар деген күдікпен ұстаған Мигель Анхель Лопес жарыс жолына қайта оралды.

"Астана" шабандозы "Бургос Вуэльтасында" үшінші орынға ие болды

Мигель Анхель Лопес "Бургос Вуэльтасының" финалдық кезеңінде Лагунас де Нейла шыңында екінші орынға ие болды. Осы жеңістің арқасында жарыстың қорытынды классификациясында үздік үштік қатарына ілікті. Сондай-ақ "Astana Qazaqstan Team" командасының капитаны таулы аймақта өткен жарыстың үздік шабандозы атанып, қызыл жейдені де жеңіп алды.

Көпкүндік аяқталған соң Мигель Анхель Лопес жарысқа қатысты өз пікірін білдірді.

"Бұл мен үшін ұзақ үзілістен кейінгі алғашқы жарыс болды. Өйткені "Джиро д'Италияда" алған жарақатымнан ұзақ уақыт емделдім. Сондықтан осында көрсеткен нәтижеме көңілім толады деп айта аламын. Себебі мұндай үзілістен кейін маған жарыс ырғағы жетіспейді. Бұл қалыпты жағдай. Бабыма келу үшін маған тағы біраз уақыт керек. Бұл жарыста жақсы нәтижеге жетемдеп күткен едім. Бүгінгі кезеңде жеңіске жетіп, жеңіс тұғырына көтерілу үшін бар күшімді салдым. Жеңіске жете алмадым. Бірақ финалдық тұғырға көтерілдім. Сонымен қатар тау классификациясы бойынша қызыл жейдені де жеңіп алдым. Сондықтан мен үшін жарыс аптасы жақсы өтті. Осы бес күн ішінде көрсеткен қолдаулары үшін командаластарыма алғыс айтқым келеді", - деді Мигель Анхель Лопес.

Лопес жалпы фавориттер тобынан шыңға 2,5 шақырым қалғанда шабуылдады. Елордалық команда шабандоздары кезең бойы керемет жұмыс атқарып, пелотонда іріктеу жүргізді. Кейінірек ол Жоау Алмейданың шабуылына ілесіп, соңғы метрлерге дейін кезеңдегі жеңіс үшін күресті. Нәтижесінде мәреге екінші болып жетті.

Естеріңізге сала кетейік, Лопес түрлі жарыстардың жеңімпазы. 2018 жылы "Астана" сапында ол "Джиро д'Италия" және "Испания Вуэльтасы" гранд-турларында үшінші орынға ие болған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу