"Астана" шабандозы "Испания Вуэльтасында" жеңіске жетті

955

Пиренейде суық әрі жаңбырлы күні Йон Исагирре атақты Арамон Формигаль шыңында жеңіске жетті. "Астана Про Тим" командасының велошабандозы көшбасшы топтан шамамен финишке 3 шақырым қалғанда жойқын шабуылға шықты. Айтарлықтай басымдылыққа ие болған Исагирре жұмысын соңына дейін жеткізіп, "Испания Вуэльтасының" кезеңінде алғаш рет жеңіске жетті. Бүгінгі жеңімпаз Исагирре велоспорт тарихында үш Гран-турда да жеңіске жеткен 100-велошабандоз болды.

"Астана" шабандозы "Испания Вуэльтасында" жеңіске жетті

"Бұл өте қиын кезең болды. Ауа-райының қолайсыздығы жарысқа айтарлықтай әсер ететінін білдік. Нәтижесінде жарыстың екінші бөлігі толықтай суық жаңбырдың астында өтті. Біз Пиренейдеміз. Мұнда жаңбырдан соң ылғи да суық. Бірақ, біз бұған дайын болдық. Жарыс басталысымен Горка екеуіміз алға оздық. Бұл біз үшін тамаша болды. Горканың шабуылының арқасында топтың соңынан жүріп отырдым және финалға күшімді сақтап қалдым", - деді Йон Исагирре.

"Жарыс жолында құлдида шабуылға шықтым және басымыдылықты бірден арттырдым. Артыма қарағанда ешкімнің ілесе алмағанын көрдім. Сондықтан жұмысты одан әрі жалғастырып, финишке дейін бар күшімді салдым. Шыңға дейінгі жол бойы жаңбыр жауып, қиынға соқты. Бірақ мен көшбасшылықты сақтап қалдым және кезеңде жеңіске жеттім. Атқарған жұмыстары үшін командаға, сондай-ақ тамаша жұмыс жасаған ағам Горкаға алғысымды білдіремін. Горка бүгін өте мықты болды. Құлдида ол жойқын шабуылға шықты. Менің ойымша ол бүгінгі кезеңде жеңіске жете алар еді. Бірақ, біздің тобымыз оны қуып жеткенде, енді менің шабуылдауым керек екенін түсіндім. Асуда Горка маған көмектесіп, финишке 3 шақырым қалғанда алға оздым. Бұл жеңістің мен үшін маңызы зор. "Астана Про Тим" командасына жеңіс сыйлағаныма қуаныштымын! "Тур де Франста" құлап қалғаннан кейін маған ұзақ уақыт толықтай қайта қалпыма келуге тура келді және осы уақытқа дейін команда менімен бірге болды. Нәтижесінде міне, "Испания Вуэльтасына" келдім. Барлық демеушілерімізді, әсіресе "Самұрық-Қазынаға" осындай қиын маусымда қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамын", - деп қоса кетті Йон Исагирре.

COVID-19 вирусына байланысты кезеңнің француздық бөлігі өтпей қалғандықтан, сайысты ұйымдастырушылар жарыс бағытына өзгертулер енгізді. Осылайша кезең Бьескаста басталған соң шабандоздар қиындығы бірінші санаттағы  Арамон Формигаль шыңына дейін 146.4 шақырым жолды жүріп өтті. 23 шабандоздан құрылған  топ көш бастады. Сәлден кейін оларға Йон және Горка Исагиррелер барып қосылды. Топ жақсы жұмыс атқарып, Пуэрто де Котефабло асуына жеткенде негізгі топтан 4 минуттай басымдылыққа ие болды. Дәл осы жерде құлдида Горка Исагирре шабуылға шығып, финалдық соңғы 6 шақырымға дейін алдыңғы шепте болды. Бірақ оны шабандоздар қуып жетті. Ал, мәреге 3 шақырым қалғанда Йон Исагирре шабуылға шығып, 6-кезеңде жеңіске жетті.

"Кеше мүмкіндікті жіберіп алғандықтан, біз тағы да кезеңде жеңіске жету үшін бағымызды сынап көрдік. Екі шабандозымызды көшбасшы топқа қосуды жоспарладық. Йон мен Горка бірге алға озғанда, бүгін біздің күніміз екенін түсіндік. Олар топта тамаша жұмыс атқарды. Содан кейін олардың финишке дейін жететіні айқын болды. Йон да, Горка да жарысты тамаша өткізді. Екеуі де жеңіске лайықты. Бірақ, нәтижесінде Йон өз мүмкүндігін сәтті пайдаланды. Бұл өте қиын күнгі әдемі жеңіс болды. Бүгінгі жетістік бізді жарыстың келесі екі аптасына қосымша жігерлендіреді. Әрбір кезеңде жеңіс үшін таласуды тоқтатпаймыз", - деді "Астана Про Тимнің" спорттық менеджері Дмитрий Фофонов.

Көшбасшы топтан кейін Арамон Формигаль асуына жеткенде жалпы есептің фавориттері арасында тартыс қыза түсті. Қызыл жейде иегерінің тобынан бірнеше шабандоз шабуылға шықты. Олар айқын басымдылққа ие болды. Нәтижесінде Йон Исагирреден 55 секундтан соң мәреге 12-болып келген эквадорлық Ричард Карапас бас классификацияның жаңа көшбасшысына айналып, Примож Рогличтен қызыл жейдені тартып алды.

Александр Власов қатты жаурағандықтан, мәреге кезең жеңімпазынан 2 минуттан соң, 28-болып келді. Алайда, бұл көрсеткіштерге қарамастан Власов жалпы есепте 3 сатыға жоғары көтеріліп, енді 20-орынға  (+6.34) жайғасты.

Жарыс күнін тамаша өткізген Горка Исагирре кезеңде 9-орынға ие болып, бас классификацияда 12-орынға көтерілді (+3.19).

Бүгін "Испания Вуэльтасының" алғашқы демалыс күні.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу