"Астана" шабандозы күміс жүлдегер атанды

1464

14-кезеңде 2-орын иеленген елордалық команданың шабандозы Мигель Анхель Лопес "Испания Вуэльтасының" жалпы есебі бойынша 6-орынға көтерілді.

"Астана" шабандозы күміс жүлдегер атанды

Astana Qazaqstan Team командасының капитаны Мигель Анхель Лопеске Испания Вуэльтасының 14-ші кезеңінде жеңіске жету үшін небәрі сегіз секунд қана уақыт жетпей қалды. Жарыс күнінің шешуші Сьерра-де-Ла Пандера асуында Токио Олимпиадасының чемпионы Ричард Карапас аз ғана басымдылықты сақтап қалды. Бұл оған жеңіске жету үшін жеткілікті болды. Нәтижесінде, Лопес мәреге екінші келсе, Примож Роглич үздік үштік қатарын түйіндеді.

Қазақстан құрамасының капитаны осы нәтижесінің арқасында жалпы есепте 6-орынға көтерілді. Ал бельгиялық Ремко Эвенепуль көшбасшылығын сақтап қалды.

"Біз Карапасты соңғы шақырымда көрдік. Мен бұл асу жолын білетінмін. Сондай-ақ Роглич екеуміз бар күш-жігерімізді жұмсағанымызға қарамастан, көшбасшыны қуып жету мүмкін болмайтынын да білдім. Себебі Карапасқа тек төмен түсіп, соңғы үш жүз метрге шамалы көтерілсе жеткілікті еді. 2017 жылғыдай бүгін мен Сьерра-де-Ла Пандерада тағы екінші орын алдым. Ең бастысы қазір бәрі жақсы. Күннен күнге өзімді жақсы сезінудемін және осы рухта жарысты жалғастыра аламын деп үміттенемін. Әзірге жеңіс тұғыры жайлы ойламаймын. Дәл қазір өзімді жақсы сезінемін. Бірақ Мадридке дейін әлі алыс. Сондықтан біз күннен-күнге алға жылжып отыратын боламыз", – деді Мигель Анхель Лопес.

Жалпы Astana Qazaqstan Team жарысты өте белсенді өткізді. Винченцо Нибали алғашқы шақырымнан-ақ алға озып, кейін Вуэльта дебютанты Евгений Федоров шабуылға шықты. Нәтижесінде, 14-кезеңнің жеңімпазымен бірге көшбасшы топта болған Алексей Луценконы мәре сызығына небәрі 3 шақырым қалғанда шабандоздар қуып жетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу