Astana Qazaqstan Team командасының қазақстандық шабандозы мәре сызығына 2 шақырым қалғанда шабуылды бастады. Бірақ бұл кезеңде фавориттерден құралған шағын топ спринтте сынға түсіп, Натнаэль Тесфатсион жеңімпаз атанды. Одан кейін Филиппо Зана мен Вадим Пронский мәре сызығын кесті.
"Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Тау жолы менің ыңғайма жақсы келді деп айта алмаймын. Жарыс жолының алғашқы бөлігі өте тік орналасқан. Шыңға дейін бірде жоғары, бірде төмен жүріп отырдық. Мәреге екі шақырым қалғанда шабуылдауға тырыстым. Дегенмен мұндай финалда алға озу қиын болды. Оған қоса "Джиродан" кейін аяқтарым да шаршаған. Қалай болғанда да командамен жақсы күн өткіздік. Қолдау көрсеткен жігіттерге алғыс айтамын. Алда әлі үш жарыс күні бар. Барынша жақсы нәтиже көрсету үшін күресті одан әрі жалғастырамын", – деді Вадим Пронский.
Айта кетейік, қазақстандық шабандоз екінші кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте 3-орынға көтерілді.
"Адриатика-Ионика". Екінші кезең
Castelfranco Veneto - Monte Grappa. 174.6 шақырым
1. Натнаэль Тесфацион (Эритрея, "Drone Hopper - Androni Giocattoli") - 4:12:15
2. Филиппо Зана (Италия, "Bardiani-CSF-Faizanè") +,,
3. Вадим Пронский ("Астана") +,,
Жалпы есеп:
1. Филиппо Зана (Италия, "Bardiani-CSF-Faizanè") - 7:55:51
2. Натнаэль Тесфацион (Эритрея, "Drone Hopper - Androni Giocattoli") +0:21
3. Вадим Пронский ("Астана") +0:27
Италияда өтіп жатқан велодода 8-маусымға дейін жалғасатын болады. Бұл жарыста Вадим Пронскиймен бірге қазақстандық команда шабандоздарынан Мануэле Боаро (Италия), Глеб Брусенский (Қазақстан), Микеле Гадзоли (Италия), Себастьян Энао (Колумбия), Давиде Мартинелли (Италия), Антонио Нибали (Италия) сынға түсуде.
Ермұхамед Мәулен