"Астана" шабандозы "Романдия турының" жалпы есебінде 2-орынға көтерілді

300

Бүгін, 4 мамыр Швейцарияда өтіп жатқан көпкүндік жарыстың соңғы шешуші кезеңі өтеді.

"Астана" шабандозы "Романдия турының" жалпы есебінде 2-орынға көтерілді Фото: XDS Astana Team

XDS Astana Team командасының велошабандозы Лоренцо Фортунато "Романдия Турының" 4-кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, Тийон 2000 асуында мәреге үшінші болып келді.

Кезеңнің қорытындысы бойынша Лоренцо жалпы есепте 2-орынға көтерілді.

Лоренцо Фортунато мәреге сегіз шақырым қалғанда орын алған шешуші шабуылға дер кезінде жауап беріп, соңғы 4 шақырымда тактикалық күресті жалғастырды.

Тамаша спорттық дайындығымен көзге түскен Лоренцо кезеңді 3-ші болып аяқтап, жалпы есептегі жағдайын едәуір жақсартты.

"Бүгін бәрі өте жақсы өтті. Көшбасшының жейдесін алу үшін небәрі 2 секунд жетпей қалды. Бірақ менің көңіл-күйім көтеріңкі. Бабыма көңілім толады. Бұл маусымдағы алғашқы нағыз таулы кезең болды. Өз күшімді сынап көруге мүмкіндік туды. Нәтижеге риза болып отырмын. Енді жарыстың жалғасын асыға күтемін", – деді Лоренцо Фортунато мәреден кейін.

Айта кетейік, Тийон 2000 (Thyon 2000) Швейцарияда шамамен 2000 метр биіктікте орналасқан тау шаңғысы курорты және альпілік станция. Ол Вале кантонында, Сьон (Sion) қаласының маңында орналасқан.

Веложарыстар, соның ішінде "Романдия Турында" Тийон 2000 жиі таулы кезеңдердің мәресі ретінде пайдаланылады. Мұндағы тік әрі ұзақ өрлеу жолы шабандоздардың "бабын" тексеруге өте қолайлы. Сондықтан да бұл кезеңдер жарыстың жалпы есеп нәтижесіне айтарлықтай әсер етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу