"Астана" шабандозы "Вуэльтада" жүлделі болды

1431

Astana Qazaqstan Team шабандозы Самуэле Баттистелла Гранд Турдағы алғашқы жеңісіне біртабан жақын болды.

"Астана" шабандозы "Вуэльтада" жүлделі болды

Баттистелла "Испания Вуэльтасының" 7-кезеңінде бес адамнан тұратын спринтте жергілікті шабандоз Хесус Эррададан кейін мәреге келіп, екінші орынға ие болды. Кезең аяқталған соң елордалық велоклубтың шабандозы көрсеткен нәтижесіне көңілі толатынын айтты.

"Қолымнан келгеннің бәрін жасадым деп ойлаймын және спринтті өте жақсы жүріп өттім. Бірақ Cofidis шабандозы бүгін жылдамырақ болды. Сондықтан өкінетін ештеңе жоқ. Біздің көшбасшы топта жұмыс жақсы ұйымдастырылды. Нәтижесінде, біз мәреге дейін шыдамдылық таныттық. Бірақ спринтте мен жеңіліп, екінші орын алдым. Дегенмен мен өзімді керемет сезінгеніме қуаныштымын! "Вуэльта" аяқталуға жақын. Мен тағы да мүмкіндіктерді пайдалануға тырысамын. Келесі кезеңдерде не болатынын көре жатармыз", – деді Самуэле Баттистелла.

Жарыс жолының алғашқы шақырымдарында пелотоннан шабуылдаған шабандоздардың бірі Алексей Луценко болды. Бірақ көшбасшыларды пелотон қуып жетіп, қалған алты шабандоз алға шықты. Олардың арасында Самуэле Баттистелла да бар еді. Пелотон қанша тырысқанымен, алға озғандарды қуып жету мүмкін болмады. Нәтижесінде, көш бастап тұрған шабандоздар жүлделі орындар үшін өзара таласқа түсті.

Cofidis командасынан испаниялық Хесус Эррада кезең жеңімпазы атанды. Астаналық Самуэле Баттистелла мәреге екінші келді. Үздік үштікті "Bahrain-Victorious" шабандозы Фред Райт түйіндеді.

"Испания Вуэльтасы". 7-кезең
Камарго – Систьерна. 190 шақырым

1. Хесус Эррада (Испания, "Cofidis") – 4:30:58
2. Самуэле Баттистелла (Италия, "Астана")
3. Фред Райт (Великобритания, "Bahrain-Victorious")

44. Винченцо Нибали (Италия, "Астана") – +0:29
45. Мигель Анхель Лопес (Колумбия, "Астана")
60. Вадим Пронский (Қазақстан, "Астана")
61. Давид Де ла Крус (Испания, "Астана")
125. Алексей Луценко (Қазақстан, "Астана") – +4:41
128. Харольд Техада (Колумбия, "Астана") – +15:38
154. Евгений Федоров (Қазақстан, "Астана") – +21:11

Бүгін, сенбі "Испания Вуэльтасының" пелотоны Пола де Лавьяана – Кольяу Фанкуайя бағыты бойынша 153,4 шақырым болатын жарыс жолын жүріп өтеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу