"Астана" "Шахтерды" ірі есеппен жеңді

2196

Елордалық клуб өз алаңында ірі есеппен жеңуді әдетке айналдырды.

"Астана" "Шахтерды" ірі есеппен жеңді

"Астана" Қазақстан кубогінің екінші турында "Шахтермен" кездесті. "Астана Аренада" өткен ойын 5:2 есебімен аяқталды. Матчтың 17-минутында Педро Эуженио есеп ашты. 30-минутта Роман Мұртазаев пенальтиден мүлт кетті. Бірақ алты минуттан кейін Эдин Рустемович айып добын тамаша орындап, таразы басын теңестірді. Бірінші тайм аяқталар тұста Рай Влут екі гол соғып, дубль авторы атанды. Екінші таймның басында Юрий Перцух мергендігімен көзге түсті. 89-минутта Евгений Кобзарь пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартқан еді. 92-минутта Перцух командасының осы матчтағы бесінші голын соқты.

Матч аяқталған соң қарағандылық "Шахтердың" бас бапкері Вахид Масудов Қазақстан кубогі аясындағы матчта шәкірттерінің "Астанаға" 2:5 есебімен жеңілгеніне қатысты пікір білдірді.

"Өкінішке орай, матчтар кестесі өте тығыз болды. Біз үш күн бұрын кездесу өткізіп, содан кейін бірден "Астана" сияқты мықты қарсыласпен ойналық. Дегенмен кейбір сәттерге көңіліміз толады. Қорғаныста әлдеқайда нашар ойнадық. Енді азғантай үзіліс жоспарлап жатырмыз, жігіттерге демалыс беріп, жұмысты одан әрі жалғастырамыз", – деді Масудов.

Сонымен қатар "Астананың" бас бапкері де өз ойын айтты.

"Әрине, қорытынды есепке көңілім толады. Бір ойында 5 гол соғу оңай емес. Бірақ ойынға көңілім толмайтынын айта кетейін. Әсіресе бірінші таймда. Мақсатымызға жетіп, еуропалық додада жақсы ойын көрсету үшін бұл ойынның деңгейі мен қарқындылығы аздық етеді. Сондықтан біз Польшада нәтижелі өнер көрсету үшін ойлануымыз, түсінуіміз керек. Бүгін бізге тәртіп тұрғысынан жоғары деңгейде ойнау керек еді. Бүгінгі ойында жеке және командалық жұмыстың арқасында жеңіске жеттік. Әңгімелеу, бәрін талдау, ойлау керек. Бұл ойын бізге пайдалы тәжірибе берді деп үміттенемін", – деді Срджан Благоевич.

Ал "Атырау" Қазақстан кубогінің топтық кезеңінің екінші турында "Қайратты" қабылдады. Матч "Атыраудағы" "Мұнайшы" стадионында өтіп, 2:3 есебімен аяқталды. Ойынның 12-минутында қарсыласын гол соғатын мүмкіндіктен айырғаны үшін "Қайрат" қақпашысы Данил Устименко алаңнан қуылды. Он бір метрлік нүктеге келген Матеус Бисси есеп ашты. Төрт минуттан кейін Андрей Ульшин "Атырау" қорғаушыларының қателігін пайдаланып, таразы басын теңестірді. Бірінші таймның аяқталуына екі минут қалғанда Әділет Садыбеков командасын алға шығарды. 57-минутта Виктор Васин мергендігімен көзге түсті. Кездесудің 83-минутында Матеус Бисси дубль авторы атанды. Бұл жеңістен кейін алматылық клуб 6 ұпаймен А тобында көш бастады. Үш ұпайы бар Константин Горовенко шәкірттері екінші орында қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу